Өнер • 25 Маусым, 2021

Өзбекәлінің өткір қайшысы

538 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музей қорында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің аңыз болған өткір қайшысы мен бәкісі сақталған.

Өзбекәлінің өткір қайшысы

Аталған екі жәдігерді мұражайға 2015 жылы Алматыда «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында ардақты азаматтың немересі Азель Бауыржанқызы тапсырыпты.

Қайраткердің «өткір қайшысы» туралы ол кісінің қарамағында істеген немесе шәкірті болған азаматтар «жыр» қылып айтады. Ағамыз алдына келген кез келген мәтіннен қате көрсе немесе ұнатпаса дәл осы қайшымен қырқып тастайды екен. Бұл жайында белгілі ғалым, әдебиет сыншысы Құл­бек Ергөбек «Бас музейші» атты мақа­ласында әсерлі баяндайды. «Музей ісінде экспозициялық жоспар жасалады. Әдетте, Өзекең жасақталып жатқан музей қызметкерлерін сенбі не жексенбіге шақыратын. Шақырған уақытында барамыз. Жазғанымызды алдына қоямыз. Ол кісі шимайлай бастайды. Біздің бастапқы жазуымыздан тамтық та қалмайды. Бізді қойшы, қызды-қыздымен өзі жазған беттерді де қайта шимайлауға кіріседі. «Өзімен бірге жасасып келе жатқан» (М.Жолдасбеков) ұзын қайшысы болады. Сонымен әлгі жазылған парақ-парақ жазуларды қырқады, желімдейді, машинкаға береді. Тасқа басылып, қайта оралып келген мәтінді қайта жөндейді. «Апыр-ай, бұл кісі де шаршай ма екен?» деп ойлайтынбыз әрі-беріден соң…» деп жазады Құлбек аға.