Қала әкімі Мұрат Әйтенов лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушыларын қабылдады. Кездесуде алдағы жауапты жарысқа сәттілік тілеп, жеңіспен келулеріне сенім білдірді.
«Спорт - бұл елдің беделі мен абыройына жұмыс істейтін сала. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар бірнеше рет ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Осы жеңістердің құрметіне Қазақстанның туы мақтанышпен көтерілді. Спортшыларымыз - біздің мақтанышымыз. Біз сіздердің әрқайсыңыз үшін жанкүйер боламыз. Сіздердің жеңістеріңізге сенеміз», деген шаһар басшысы ақ жол тілеп, спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
Еске сала өтсек, Шымкенттен стенд атудан - Сарсенкул Рысбекова, Кравченко Зоя; оқ атудан - Юрий Юрков; каратэден - Дархан Асадилов, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев; бокстан - Закир Сафиуллин; көркем гимнастикадан - Алина Адилханова; байдарка және каноэден - Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов; дзюдодан - Галбадрах Отгонцэцэг қатысады.
Сонымен бірге, Игорь Лигай Халықаралық күрес федерациясы тарапынан 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін таңдалды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Олимпиада санатындағы төреші, әлемнің 50 үздік төрешілерінің құрамына кірді.