Футбол • 27 Маусым, 2021

EURO-2020: Ширек финалға шыққан алғашқы құрама анықталды

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіндегі матчтары басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

EURO-2020: Ширек финалға шыққан алғашқы құрама анықталды

1/8 финал кездесулерінің шымылдығын А тобында екінші орын алған Уэльс пен В тобында дәл сондай нәтиже көрсеткен Дания құрамалары ашып берді.

«Йохан Кройфф Аренада» (Амстердам) өткен кездесу Данияның ірі жеңісімен аяқталды – 0:4. Матч бастала сала ойын тізгінін өз қолдарына алған даниялықтар кездесудің 27-минутында есепті ашты. Миккель Дамсгардтан тамаша пас алған Каспер Дольберг қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп, құрамасын алға шығарды. Данияның басымдығымен өткен алғашқы тайм 0:1 есебімен аяқталды.

Үзілістен кейін де қарсыластарына қарағанда белсенді болған Дания 47-минутта есепті еселей түсті. Бұл жолы да Каспер Дольберг мергендігімен көзге түсті. Гарет Бэйл бастаған Уэльс құрамасы есеп айырмасын қысқартуға қанша тырысқанымен, даниялықтар оған мүмкіндік бермеді. Матчтың аяқталуына 2 минут қалғанда Йоаким Мехле есепті 0:3-ке жеткізсе, екінші таймға қосылған қосымша минутта шабуылшы Мартин Брэйтуэит Данияның төртінші голын соғып, ойынның нүктесін қойды.

Осылайша, 2016 жылғы Еуропа чемпионатында үшінші орын алған Уэльс биылғы біріншілікті плей-офф кезеңінде аяқтауға мәжбүр болды. Ал ширек финалға жолдама алған Дания енді ¼ финалда Нидерланд немесе Чехия құрамаларының бірімен кездеседі.