Әлемдегі ең белді промоушенде күш сынасып жүрген жартылай орта салмақтағы (77.1 кило) қандасымыз екінші кездесуін бразилиялық Мишель Празериске қарсы өткізді. Оңтүстік Америка құрлығының оғланы осы спорт түрін серік еткен 20 жыл уақыт аралығында 29 кездесу өткізіп, 26 рет жеңіске жетті. 13 қарсыласын есінен тандырды. Празерис тек Паулу Тиагу, Кевин Ли және Исмаил Наурдиев сынды саңлақтардан ұтылды. Соның өзінде аянбай айқасып, оларға тек ұпай санымен есе жіберді.
Десек те Шавқат Рахмоновқа қарсы айқаста бразилиялық спортшы еш қайрат көрсете алған жоқ. Бәсеке басталған беттен тізгінді мықтап қолына алған қазақтың ұлы соққыларын дәл дарытып қана қоймай, төрттағанда да басымдығын байқатты.
Екінші раундта Рахмоновтың ауыр соққысынан кейін Празерис біраз есеңгіреп қалды. Шавқат оны жығып алды да, шабуылын үдете түсті. Арқа тұстан жасалған соққылардың барлығы да оңбай тиді. Бір мезетте ол тактикасын дереу өзгертіп, «қылқындыру» тәсілін қолданды. «Темір құрсаудан» Мишель құтыла алмады.
Осылайша, 26 жастағы Шавқат Рахмонов өзінің 14-ші кездесуінде жеңіс тойын тойлады. Бір кереметі, осы бәсекелердің барлығында ол айқын басымдыққа ие болды.