Осыдан төрт жыл бұрын Алматы дүниежүзілік қысқы Универсиаданы қабылдады. Жүздеген журналистің басын қосқан сол додаға дорбамызды сүйретіп біз де жеткенбіз. «Қайда тоқтаймыз, қалай жүріп тұрамыз» деген сауалға бас қатырмадық. Себебі бәрін Владимир Николаевич реттеп қоямын деген. «Пәтерді бірге жалдап тұрайық. Бірлесіп жұмыс істейміз. Оның үстіне Алматыда оқығанмын, қаланың әр бұрышын білемін» деп ұсыныс тастаған да өзі болатын. Басында қалай болар екен деп қипақтасақ та, үлкен кісінің бетін қайтармағанды жөн көрдік.
Расында да, уақыттың қадірін жақсы білетін әріптес аға барлығын күні бұрын жоспарлап қойған екен. Пойыздан түсе сала, пәтерге тура тартпай, жарыс барысында емін-еркін жүріп тұруға мүмкіндік беретін ресми аккредиттеуді қолға түсірдік. «Бұған тілдей қағаз деп қана қарама, бұл білдей журналистің жолын ашар құдыретті күш» деген фотограф ағаймен межелі мекенжайға да келдік. «Е-е жол үстінде, жарыс барысында жүргенде құжатқа мұқият болу керек екен» деген ой түйдік іштей.
– Пәтерді неліктен Абай даңғылының бойынан жалдағанымды білесің бе? – деді. Бұл жайлы мүлдем ойланбаппыз. Басымызды шайқадық. – Біріншіден, осы көшенің бойында метро бар, жүріп-тұруға ыңғайлы. Екіншіден, жарыс жеңімпаздарын үнемі кешкісін Республика сарайының алдында марапаттайды. Ол дәл осы көшенің екінші басында орналасқан. Үшіншіден, хоккей матчтары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Ол да Абай даңғылының бойында жатыр. Төртіншіден, біз тоқтайтын пәтер басқа спорт нысандарына қатынау үшін қолайлы орналасқан, тоғыз жолдың торабы десе де болады.
Бұл да алдағы уақытта ескере жүрер дүние екен деп жаһандық жарысқа тынғылықты дайындықпен келген Владимир Николаевичтің мына бір ұшқырлығына бас шайқап, таңдай қаққанымыз түк емес екен. Оның күнделікті жұмыс стилін көріп тіпті естен танып түсе жаздадық. Таңғы бестен оянады. Алты болмай «Сұңқар» шаңғы трамплин кешенінің алдында тұрады. Журналистерді тасымалдайтын алғашқы автобуспен «Медеу», «Шымбұлақ», «Табаған» секілді спорт нысандарына барады. Міндетті түрде алғашқы рейске үлгеру керек. Кейінгі автобустар кеш шығады. Жарысқа үлгермеуің мүмкін. Кешкісін Республика сарайының алдындағы марапаттау рәсімі бар. Іле хоккей матчтары басталады. Қысқасы, сүрініп-қабынып үйге келгенде сағат тілі түнгі 12-ні көрсетіп тұрады. Енді ұйықтайтын шығармыз деп ыңғайлана бергенде, Владимир Николаевич ноутбугын қосып, күні бойы түсірген суреттерін іріктеуге көшеді. Әлі құрыса да әкеңдей адамның жұмыс істеп отырғанын көріп, біз де амалсыз компьютерге үңілеміз.
– Шаршап жүргеніңді түсінем, әрине. Бірақ Қазақстан Универсиаданы жылда қабылдап жатқан жоқ. Оның үстіне жарыс екі-ақ аптада өте шығады. Ендеше мұндай мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды. Ұйқың бұзылып, берекең қашар. Бірақ мынадай дода үшін ол деген түк те емес. Есесіне қоржының материалға толады, тәжірибең толысады. Алда кездесер қиындықтарға психологиялық тұрғыдан дайын бол. Әр күніңді жоспарлап шық, әр сәтіңді бағала, – деді алғашқы жарыс күнінен кейін-ақ қалғып-мүлгіп отырған бізге қарап.
Жас әріптесін осылай қамшылаған Владимир Бугаевтың сол жолы ағалығына да дән риза болғанбыз. Риза болмай қайтейік, қасынан бір елі тастаған жоқ. Жөн сілтеп, жол нұсқайды. Белгілі спорт журналистерімен, әр сәтті мәңгілік тарихқа айналдыратын фотографтармен таныстырады. Сол жолы аты алысқа тараған Гений Төлегеновпен, Юрий Беккермен, Анатолий Устиненкомен танысып, дидарласқанымызды қалай ұмытайық.
Владимир Николаевичтің тағы бір қадап айтқаны, Универсиада секілді ірі додаға келген соң, жарыс өтетін спорт нысандарының барлығына барған абзал және барлық спорт түрін тамашалап үлгерген дұрыс. Солай болды да. Фотограф ағайға еріп фристайлшылардың өнерін көреміз деп Шымбұлақтың шыңына қалай шыққанымызды да білмей қалдық. Конькишілерді тамашалау үшін «Медеуге» келгеніміз де бір хикая.
Арагідік әңгіме ауанын өзгертіп, фототілшіліктің жайын да сұрап қоямыз. Әдемі кадрларды қалт жібермеудің сырын білгіміз келеді баяғы.
– Жақсы ойлайтын адам жаман кадр түсірмейді. Ұшқыр ой – ұтымды сәт. Бірнеше секундтің ішінде бәріне үлгеруің керек. Мобильді болу керек. Суретке түсіру бір бөлек. Оны жедел түрде жолдау да маңызды. Фототілші үшін уақыт тапшы, мүмкіндік мүлдем қайталанбайды. Ізденіс үлкен жетістікке жетелейтінін де ұмытпаған жөн, – дейді В.Бугаев.
Біз әс көтеріп отырған Владимир Николаевич – Алматыдағы ҚазМУ-дың түлегі. Журналистиканы меңгерген. Кейін фотожурналистикаға ауысыпты. «Аргументы и факты – Казахстан» апталығында, «Огонек – Казахстан» журналында, «Звезда Прииртышья» газетінде жұмыс істеген. 2000 жылдан бастап оның суреттері әлемге әйгілі REUTERS, EPA, ТАСС ақпараттық агенттіктерінде жиі жарияланатын болды. NAPA-CANADA – Канада Ұлттық фото өнер қауымдастығының мүшесі. Бірнеше фотожинақтың авторы. Оның объективіне ілінген суреттер әлемнің 17 еліндегі көрмелер мен фотосалондарға қойылған. 1971 жылдан бастап спорттық додаларды түсіруді қолға алған. Содан бері осы бір сүйікті әдетінен айныған емес.
Атап өтерлігі, Владимир Бугаевтың інісі Валерий Николаевич те белгілі фототілші. Ол Павлодар облысы әкімінің жеке фотографы ретінде ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етуде. Осы күнге дейін бірнеше фотокөрме ұйымдастырып та үлгерді.
Ағайынды Бугаевтардың жолын Валерийдің қызы Ольга ойдағыдай жалғастырып келеді. Ол жуырда ғана шайбалы хоккейден Латвияда өткен әлем чемпионатынан оралды. Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығының алғашқы лауреаттарының бірі. Айтпақшы, осы Ольганы фото әлеміне алып келген біздің кейіпкеріміз В.Бугаев болатын.
Түйіндей келе айтарымыз, белгілі фотограф Владимир Бугаевпен Алматыда өткізген екі апта қысқа ғұмырда нұсқа болар сәулелі сәт екенін ол кезде ұғына қоймадық. Ал қазір сол күндерден ерекше бір жылылық еседі де тұрады.