Тарқатып айтсақ, ерлер мен әйелдер арасында 128 ойыншыдан сайысқа түседі. Одан бөлек, жұптық және аралас жұптар арасындағы бәсекелер тағы бар. Екі аптаға созылатын талай жылғы тарихы бар осы дәстүрлі жарыстың биыл да қызыққа толы болатынына еш күмәніміз жоқ.
«Үлкен дулыға» санатына кірген турнирлердің барлығының да жүлде қоры қомақты болатынын жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ өткен жылдарға қарағанда «Уимблдонның» бюджеті биыл біраз қысқарған екен. Мәселен, жарыстың жекелеген сайыстардағы жеңімпаздарының есеп-шотына былтыр 2 350 000 фунт стерлинг аударылса, осы жолы чемпиондар 1 700 000 алады. 2019 жылмен салыстырғанда бұл 27,7 пайызға кем. Ақтық сайыста ұтылғандарға 900 000-ды қанағат тұтуына тура келеді. Жартылай финалға шыққандар 465 000-ды олжалайды. Осыған дейінгі турнирлерде осы межеге жеткен ойыншылар бұдан әлдеқайда көп ақша алатын. Ал одан нашар өнер көрсеткендердің қаржысы, керсінше, біршама артқан. Атап айтсақ, ширек финалға шыққандар 300 000 алса, 1/8 финалға дейін жеткендер 181 000-ға байиды. Жалпы, осы жарысқа қатысудың өзі теннисшілер үшін үлкен абырой және материалдық жағдайларын түзеу үшін тамаша мүмкіндік екені даусыз. Олай деуге негіз, егер үшінші кезеңде ұтылса 115 000-ды иемденеді, екінші айналымға шыққандар 75 000-ды еншілейді. Тіптен, тұсаукесер кездесуде сәтсіздікке ұшырағандардың өздері Лондоннан құр қол қайтпайды. Олар 48 000 фунт стерлингті қалтаға басады. Әрине, бұл да аз ақша емес.
«Уимблдонның» 144 жылдық тарихы бар. Бұл турнирдің тұсауы сонау 1877 жылы кесілді. Сол кезден бері талай жақсылар мен жайсаңдар Тұманды Альбион елінде өнер көрсетіп, толағай табыстарға қол жеткізді. Ерлер арасында ең мол олжаға кенелген Лоуренс Дохерти. Англияның Мейдстон өңірінің тумасы ХІХ бен ХХ ғасырлар тоғысында жекелеген бәсекеде бес рет топ жарса, өзінің туған ағасы Реджинальдпен бірге жұптық сайыста сегіз мәрте жеңіс тойын тойлады. Барлығы – 13 жүлде! Одан бөлек, олар Олимпия ойындарында бір емес, бірнеше мәрте дара шықты. Өкінішке қарай, ағайындылардың өмірі келте болды. Реджинальд небәрі 38 жыл ғұмыр кешсе, Лоуренс 43 жасында көз жұмды.
Жекелеген сайыста Роджер Федерердің алдына түсетін ешкім жоқ. Швейцарияның Базель қаласында дүниеге келген спортшы 2004-2018 жылдар аралығында 8 рет теңдессіз деп танылды. Биыл тамыз айында 40 жасқа толатын даңқты теннисші таяу күндері шымылдығы түрілетін жарыста да жеңіске жетуді көздеуде.
Әйелдер арасында Мартина Навратилованың шоқтығы биік. Келмеске кеткен Чехословакияда туып-өсіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған әйгілі ойыншы 1976-2003 жылдар аралығында 20 рет бас жүлдені олжалады. Соның тоғызы жекелеген сайыстардағы жеңісі. Қалғандары жұптық және аралас жұптар арасындағы табыстары. Расында да ширек ғасырдан аса кортта атой салып, аса биік белестерді бағындырған Навратилованың толағай табыстарына таңданбау мүмкін емес. Сол секілді Билли Джин Кинг те 20 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласының тумасы 1961-1979 жылдар аралығында жасындай жарқырады. Сол жүлделердің алтауын ол жекелеген сайыста жеңіп алды.
Спорттық шежіренің сарғайған беттерін парақтасақ, мынадай қызықты жайттарға қанық боламыз: Уимблдонның ең жас чемпиондары – швейцариялық Мартина Хингис (15 жас 282 күн) пен германиялық Борис Беккер (17 жас 227 күн). Лондондағы турнирдің ең қарт жеңімпаздары – Мартина Навратилова мен Гарднар Маллой. Олардың екеуі де АҚШ-тың намысын қорғады. Мартина аралас жұп бәсекесінде 46 жастан асқан шағында (2003 жыл) шашасына шаң жұқтырмаса, Гарднар 43 жасында (1957) жұптық додада дара шықты.
2007 жылы америкалық Джон Изнер мен франциялық Николя Маю 11 сағат 05 минут бойы айқасты. Бұл – ең ұзаққа созылған бәсеке. Екі спортшының тартысы 6:4, 3:6, 6:7, 7:6, 7:6 есебімен АҚШ өкілінің пайдасына шешілді. 2019 жылдың финалдық сайысында сербиялық Новак Джокович пен швейцариялық Роджер Федерер 4 сағат 57 минут күш сынасты. Аса шеиеленісті өткен матч 7:6, 2:6, 7:6, 4:6, 7:6 есебімен алғашқысының жеңісімен аяқталды. 1922 жылы франциялық Сюзанн Ленглен мен америкалық Молла Маллори ақтық сынның «тағдырын» небәрі 23 минутта шешті. Бұл ойында 6:2, 6:0 есебі тіркелді. Ал 2010 жылы АҚШ-тың өрені Тейлор Денттің бағыттаған добы сағатына 238 шақырымдық жылдамдықпен жүйткіді.
Қазақстанның теннисшілері де Уимблдонға үздіксіз қатысып келеді. Алайда «алысқа шапқан» ойыншыларымыз сирек. Мәселен, 2016 жылғы жарыстың жекелеген сайысында Ярослава Шведова ширек финалға дейін жетті. Бұл межеде оны әйгілі америкалық Винус Уильямс тоқтатты. Есесіне Шведова 2010 жылы дәл осы турнирдің жұптық бәсекесінде бас жүлдені олжалады.
Зарина Диас пен Михаил Кукушкин Тұманды Альбион еліндегі турнирдің төртінші кезеңінде өнер көрсетті. Бұл межеге Диас 2014 және 2015 жылдары жетсе, Кукушкин 2019 жылы тәуір нәтиже көрсетті. Міне, «Уимблдондағы» жерлестеріміздің ең үздік нәтижесі осындай.
Былтыр коронавирустың кесірінен айтулы жарыс өтпеді. Ол оның алдындағы додада Новак Джокович дара шықты. Сербияның саңлағы финалда Швейцарияның мақтанышы Роджер Федерерден басым түсті – 7:6, 1:6, 7:6, 4:6, 13:12. Әйелдер бәсекесінде румыниялық Симона Халеп америкалық Серена Уильямсті жеңді – 6:2, 6:2.