– Мен бес жылға жуық Мәскеуде жұмыс істеп, 2013 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі театрлардың бірі ашылады дегенді естіп, бағымды сынауға осында келдім. Түрлі елдің әртістері қатысқан қатаң конкурстан өтіп, «Астана Опера» труппасына қабылдандым» дей келіп, Жапонияға оралу туралы ойын да айтып өтті.
− Балет әртісінің сахнадағы ғұмыры қысқа, менің жасым қазір 36-да, кәсіби мансабымды аяқтау сәті келді. Сондықтан Токиоға, сағындырған отбасыма ораламын деп шештім. Енді қызметтік саламды ауыстыруды жоспарлап отырмын, алайда балет өнері мәңгі менімен бірге қалады, онымен өзім үшін ғана айналысамын. «Астана Операда» жүргенде сахнада жеке партияларды, «төрттіктерді», «екіліктерді» жасадым, театрдың репертуарындағы түгел дерлік қойылымдарда биледім. «Шопениана» романтикалық балетіндегі Прелюд айрықша есімде қалды, ол − өте күрделі нөмір. Сондай-ақ «Жизель», «Дон Кихот» балеттерінде ойнадым. Осындай мүмкіндік сыйлаған балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратоваға алғысым шексіз. Ол кісінің қолдауын үнемі сезіндім, − дейді ол.
Сонымен қатар Марико Китамура Қазақстанда болған жылдары, ұлттық дәстүрлі тағамдарды ұнатып қалғандығын соның ішінде өте дәмді піскен ет пен қазыны жақсы көретіндігін айтады.
«Нұр-Сұлтан қаласында біраз уақыт тұрғандықтан ба, елорданың ешкімге ұқсамайтын әсем келбеті мені үнемі сүйсіндірді. Демалыс күндері достарымызбен саябақтарда жиі қыдырдық, мұнда бәрі де жанға жайлы, жақсы ойластырылған. Бір жағынан, қазақтың болмысына сіңісіп кеткендіктен бе, осындай мейірімді елмен қоштасу көңілімді мұңайтады.
Театр ашылған күннен бастап, ауқымды іс тындырды. Осында есімдері әлемге танымал қоюшы хореографтармен жұмыс істедім.
Басқа труппаларда мен дайын репертуарды билесем, ал мұнда балет өнерінің қыр-сырына терең бойлауға мүмкіндік болды. Шын мәнінде, «Астана Опера» театры − қазақ мәдениетінің бетке ұстарына айналды, соған үлесімді қосқаныма өзімді бақытты сезінемін. Алдағы таңда театрға көрермен ретінде оралу жоспарымда бар, ал егер труппа гастрольдік сапармен Жапонияға келсе міндетті түрде сыйлықтарыммен барамын» дейді балерина.
Сондай-ақ «Астана Опера» театрының басшылығы мен балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова балет әртісі Марико Китамураға сахнада сомдаған тамаша бейнелері үшін шығармашылық табыс тілеп, алғысын білдірді.