Саясат • 28 Маусым, 2021

Көшбасшы жастар клубы жұмысын бастады

398 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде елордада Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері бас қосты. Пікірсайыс клубының алғашқы қонағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі, Президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары және Еуропа қайта құру және даму банкінің экс-президенті Сэр Сума Чакрабарти болды.

Көшбасшы жастар клубы жұмысын бастады

Сума Чакрабарти кездесу кезінде өзі­нің еңбек жолы, қазіргі атқарып жүрген жұ­мысы туралы егжей-тегжейлі баяндап, көш­басшылық туралы пайымдарын ортаға салды, клуб мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Президент кеңесшісі әңгіме барысында елдегі жаңғыру процестеріндегі жастардың рөліне көбірек тоқтал­ды. «Сіздер – бүгіннің өзінде көшбас­шы­сыз­дар. Одан да маңыздысы – келешектің көш­бас­шысысыздар», деп бастады әңгі­месін Сума Чакрабарти.

Сэр Чакрабартидің ұсыныстарының бірі Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерінің арасынан мобильді өзгеріс командаларын құрумен байланысты. Атал­ған командалар қызметтің нақты сала­лары бойынша ұсыныстарды талдау және әзірлеу арқылы мемлекеттік жүйені реформалауға және өзгертуге үлес қоса алады. Белгілі бір уақыт ішінде (мысалы, 100 күн) командалар белгілі бір аймақтың дамуына пікірлерін ұсынады.

Екі сағатқа созылған сұхбат барысында Сума Чакрабарти клуб мүшелерінің сауалдарына жауап беріп, стратегиялық жоспарлау, аумақтық даму, мемлекеттік басқару жүйесі, Қазақстан экономикасына инвестициялардың ұлғаюы және басқа да тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітті.

Президенттік жастар кадрлық резер­вінің мүшелері Сэр Чакрабартидің сарап­та­малық пікірін қорытып, талқыланған мәсе­лелер мен ұсыныстарды іске асыру тетігін қосымша қарастырып, дайындауды жоспарлап отыр.

«Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері – Қазақстанның патриот азаматтары. Қоғамның әл-ауқа­тын арттыру және өмір сүру сапасын жақ­сар­туды, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиім­ділігін қамтамасыз етуді бірінші орынға қоямыз. Ол үшін біз барлық қолже­тімді сындарлы алаңдарды ашық диалог ретінде пайдалануға дайынбыз. Біздің резервтегі әріптестеріміз өскелең ұрпақ пен алдыңғы буын арасындағы, мемле­кет пен бизнес арасындағы байланыс­ты­рушы буынның рөлін атқарып отыр. Мемлекеттік қызметтің алаңында жүр­ген­діктен, процестердегі, стратегиялардағы қиын­дықтарды көріп, түсініп отырмыз және осы өзгерістерге өз үлесімізді қоса аламыз», дейді клуб модераторы Айдын Байедилов.

Клуб мүшелері де бұл кездесу көкейдегі көптеген сауалға жауап бергенін айтады. «Жалпы, ашық және тағылымды әңгіме өрбіді. Мұнда айтылған негізгі идеялар болашақта қабылданатын шешімдерге негіз болады. Бұл біздің резерв мүшелерін ынталандырады және шабыттандырады», дейді жас маман Әсел Сәрсенбаева.

Резервтің тағы бір мүшесі Алмат Ах­матолла да өз ойын айтты. «Президенттік жастар кадрлық резерві бастамашыл жас­тарды біріктіріп, оларға Қазақстандағы үдерістер мен тұрақты дамуды одан әрі жетілдіру үшін байланыс, пікір алмасу алаңын ұсынып отыр», дейді ол.

Ұйымдастырушылар іс-шараны коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайтуды қарастыратын барлық санитарлық-профилактикалық шараны сақтай отырып өткізгенін айта кеткен жөн.