Қоғам • 28 Маусым, 2021

Журналистика пандемиядан қандай сабақ алды?

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемді өзгерткен індетке төтеп бергендер аз. Дүниежүзі қалыпты жағдай­лардың күн санап өзгеріп жатқанын үйде отырып тамашалаудан әріге бара алмады. Алғашқылардың бірі болып экономика құлдырады, одан келіп туындайтын мәселе шаш-етектен екеніне көз жетті. Бүкіл әлемнің көз алдында өзгерген салалардың бірі – журналистика.

Журналистика пандемиядан қандай сабақ алды?

Ең алдымен, бірқатар елде осыған дейін бір қалыпты қызмет етіп келген кейбір БАҚ пандемиядан зардап шеккенін айта кеткен жөн. Індеттің эко­номикалық салдары, әсіресе, аймақ­тық газеттер мен басылымдарды әжеп­теуір есеңгіретті. Мәселен, АҚШ-та көптеген жергілікті газеттер жабылып, кейбірі онлайн форматқа өтті. Дәл осындай жағ­дай басқа елдерде де кездеседі. Дегенмен, көп уақытын үйде өткізген тұрғындар онлайн контент тұтынуды бірнеше есе арттырды. Осылайша белгілі онлайн басылымдардың қаралым саны одан сайын көбейді, ал онлайн әлемге енді қа­дам басқан БАҚ-қа үлкен мүмкіндіктер ашыл­ды деуге болады. Бұл – көзге бір­ден түскен ірі өзгеріс.
Ал енді сала мамандары маңызды санайтын кейбір мәселелерге назар салсақ. Оксфорд университетінде орналасқан Reuters Institute журналистика зерттеу орталығы ұйымдастырған талқылауда баспасөз бостандығына үлкен мән бе­рілді. Онда осыған дейін журналистерге тісі батпай жүргендер бұл мүмкіндік­ті бос жібермеді деген пікір айтылды. Ор­талықтың журналистерге арналған тағылымдама бағдарламасының ди­ректоры Мира Селва жалған ақпаратпен күресуге бағытталған заң нормалары шы­нында журналистерді шектеуге ба­ғытталған деді.
«Менің ойымша, журналистерге ша­буылдай алмай жүргендер былтыр барлық сылтауды қолданып қалды. Со­нымен, біз COVID-19 туралы интер­нетте тараған жалған ақпаратқа қа­тысты алаңдай бастадық. Сол кезде ДДҰ ойлап тапқан «инфодемия» тер­минін авторитарлық көшбасшылар жур­налистикаға шабуыл жасау үшін қол­данды. Мысалы, Венгрияда жалған жаңалық таратып, қоғамда дүрбелең тудыратын ақпарат таратқандарды жазалайтын заң қабылданды. Алайда іс жүзінде бұл сыни пікірлер білдіргендерге қарсы қолданылатын заңнама болды. Жауапқа тартылмаған күннің өзінде журналистерді бір қорқытып тастады. Олар ашық репортаждардан секемденіп қалды», дейді маман.
Сондай-ақ ол журналистерге баспа­сөз конференцияларында немесе сұх­бат арқылы саясаткерлерге тікелей сұрақ қою қиындай түскенін айтады. Қауіп­сіздікті сақтау үшін жасалған шектеулерге байланысты оқиға орнына бару да мүмкін емес. Расында, еліміздегі мамандар да тікелей сауал тастап, кейбір мәселелерді ашық сұрау қиын болып кеткенін айтып келеді. Ақпарат тарату барысында шенеуніктердің ықпалы басым секілді көрінеді. Өздері қалаған ақпаратты таратып, қалаған сұрағына жауап береді. Мира Селва айтқандай, «кіруге рұқсат жоқ» деген сылтау кей­бір жағдайда журналистің заңнамада көрсетілген тікелей міндеттерін орындауына кедергі келтіруде.
Одан бөлек, редакциялардың қа­шық­тан жұмыс істеуі көбейген. Карантин кезінде үйінен ақпарат таратқан журналистер кеңсеге бармай-ақ, әрі қа­рай да онлайн жұмыс істеуге бола­ты­нын алға тартқан. Сарапшылар бұл ре­дак­цияларға өзге аймақтар мен елдерден көбірек маман тартуға көмектесетінін алға тартады.
Сондай-ақ мамандар індеттің бастап­қы кезінде ақпаратқа сұраныс күрт арт­қанымен, уақыт өте келе көрсеткіш бұ­рынғы деңгейге қайтып келгеніне тоқ­тал­ды. Сондықтан пандемияның ақпарат тұтынуды қалай өзгерткенін кесіп айту қиын.
Қазір дәстүрлі БАҚ-тың табысы аза­­йып, жаңа медиамен бәсекеде қиын­дық­тарға кездесіп жатқаны белгілі. Десе де мамандар нарықта ақпарат та­рататын сапалы редакциялардың аз­дығы кейбір беделді, кәсіби деңгейі жоғары ақпарат агенттіктеріне үлкен мүмкіндік екенін айтады. Қазір аудитория сенімді әрі сапалы дереккөзге көбірек жүгінеді. Сондықтан кәсібилікті ту еткен редакциялардың тасы өрге до­маламақ. Ал соңғы оқиғалар журналистиканы қалай өзгерткені уақыт өте келе анығырақ көріне жатар. Әлемнің қай түкпірінде болсын, қиындықтарға қарамастан журналистиканың негізгі құндылықтарын ұстанған редакциялар ұтылмасы анық.