Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы мақұлдаған ЭКСПО кешенін көрмеден кейін пайдалану тұжырымдамасын іске асыру барысында көрме кешені елорданың жаңа іскерлік орталығына айналды. ЭКСПО базасында іскерлік белсенділікті ынталандыру және жетекші даму институттарын тарту үшін толыққанды бизнес-орта қалыптасқан. Сонымен қатар кешен аумағында кез келген деңгейдегі іс-шараларды өткізу үшін қажетті жабдықтармен жарақтандырылған заманауи алаңдар жұмыс істейді. Дамыған сауда, қонақүй және көлік инфрақұрылымы іскерлік орталық экожүйесінің тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасайды. Әлқисса.
ЭКСПО нысандары қалай жұмыс істеп тұр?
2023 жылдан бастап QazExpoCongress ұлттық компаниясы өзін өзі қамтамасыз етеді. Көлемі 25 гектарды алып жатқан алаңда 350 мың шаршы метр болатын 15 нысан орналасқан. Олардың қатарында NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы, Astana IT университеті, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub IT стартаптар технопаркі және басқа да компаниялар бар.
Бұдан бөлек орталық аумағында «Цифрлы үкіметтің» кеңсесі жасалып жатыр. Жаңа кеңсені жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Бүгінде ғимараттардың 98 пайызы пайдаланылады. Мұнда әр саладағы түрлі ауқымды іс-шаралар да өтіп келеді. Мәселен, жыл аяғына дейін ЭКСПО-да 15 көрме ұйымдастыру жоспарланып отыр. Конгресс орталығында да қосымша он үш жиын өтеді. Ұлттық компания сауда инфрақұрылымын құру бойынша да жұмыстар жүргізіп жатыр. Оның аясында 4 трансшекаралық хаб құру көзделген.
Ұлттық компанияның активінде 2102 орындық негізгі залы бар Конгресс орталығы және көпфункционалды алаң әрі Орталық Азиядағы ең ірі көрме орталығы – ЭКСПО халықаралық көрме орталығы бар.
«QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісовтің айтуынша, іскерлік орталықтағы маңызды нысандардың бірі, әсіресе туристерді қызықтыратын орынға айналған – NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы.
«2018 жылдан бастап мұражайда еліміздің барлық өңірінің қатысуымен 150-ден астам ойын-сауық және білім беру іс-шарасы өтіп, одан бөлек 500-ден астам Kids&Students Future Energy ашық сабағы ұйымдастырылды. Көрмеден кейінгі кезеңде NUR ALEM-ге 800 мыңнан астам адам келді. Шетелдік туристердің басым бөлігі ТМД елдері, Қытай, АҚШ, Германия, Италия, Үндістан және тағы басқа елден келді», дейді ол.
Айта кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап Мәскеудегі «Қазақстан» сауда-көрме орталығы QazExpoCongress ұлттық компаниясының балансына қабылданған. Ондағы мақсат – қазақстандық тауарларды Ресей нарығында ілгерілету.
Қазақстан Дубайдағы көрмеде не ұсынады?
Еске салсақ, Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесін былтыр 1 қазанда өткізу жоспарланған болатын. Алайда әлемдегі эпидемиялық жағдайға байланысты көрме бір жыл кейінге қалдырылды.
1 қазанда басталатын көрме алты айға созылып, келер жылдың 31 наурызында аяқталмақ. Биылғы тақырыбы – «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру». Оның үш мәні бар: мүмкіндік, ұтқырлық, тұрақтылық.
Ал 2017 жылы елімізде өткен көрме – халықаралық мамандандырылған көрме (немесе қысқамерзімді көрме) болғандықтан, үш айға жоспарланды.
Алдағы көрмеде Қазақстанның павильоны қандай болатынын «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов айтты. «Бүгінде біздің павильон бойынша екі ұсыныс бар. Бірі – оны жылжылмалы етіп жасап, кейін елге алып келу. Екінші жолы – көрмеден соң павильонды Дубайда қалдырып, сол жерде Қазақстанға экономика мен сыртқы сауда бойынша инвесторларды тарту. Бірақ бұл ұсыныс әлі талқылану үстінде. Біздің павильонды құрылыс әлемінде халықаралық деңгейде танымал швейцариялық компания салып жатыр. «Неге отандық компания емес» деген сұраққа келсек, алдымен құрылыс алаңы шетелдікі, екіншіден кешен жиналмалы болады, яғни оны елге әкелу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталды. Тамыз-қыркүйек айларында павильонды тестілеу сынағынан өткізетін боламыз», деді.
Қазақстандық павильон төрт аймақтан тұрады. Ол – киелі мекендер картасы, мәдени мұра, табиғи байлықтар және биосандық.
«Біздің павильонға келушілерге алдымен еліміздің шығу тарихын баяндайтын «Шежіре» атты 6 минуттық танымдық бейнежазба көрсетіледі. Сонымен қатар, көрмеде елорданы арнайы таныстыратын боламыз, себебі Нұр-Сұлтан қаласы жас болғанымен инвесторларды тарту жағынан әлем қалаларынан кем емес. Павильонның жалпы аумағы – 3 400 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша Қазақстанның көрме павильонын 1 млн халық келіп көреді деп жоспарланып отыр», дейді А.Шәйжүнісов.
«Қазақстан – Ұлы дала елі» деп аталатын бірінші аймақта республиканың бірегей табиғаты, киелі жерлері мен мәдени мұралары көрсетіледі. Ал екінші аймақ Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерге арналған. Үшінші аймақта (Future road) еліміздің барлық алдыңғы қатарлы жетістіктерін көрсету жоспарланып отыр.
QazExpoCongress өкілдері атап өткендей, үшінші аймақта бейне көрсетіледі. Келушілерді қызықтыру үшін арнайы интерактивті ойындар өткізілмек. Төртінші аймақ – Final show. Жоспарланған бұл жобалардың барлығы көрменің тақырыбына сәйкес: яғни ақыл-ойды қалыптастыра отырып, адам мен жасанды интеллект арасындағы симбиоз көрсетіледі.
Сондай-ақ компания төрағасы көрме үшін стендистерді іріктеу қалай жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Қазір стендистерді іріктеу жүріп жатыр. Стендистерді біз осында тереміз. Мақсат – жастарға павильонда жұмыс істеуге барынша мүмкіндік беру. Біз оларды тамақпен, қонақүймен, керек-жарақпен, жол ауысыммен және т.б. қамтамасыз етеміз. Олар үш айдан екі ауысыммен жұмыс істейді», деді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық павильонына, Emirates, DP World, Enoc және АҚШ, Сауд Арабиясы Корольдігі, Германия, Италия, Жапония, Швейцария, ҚХР және т.б. елдердің корпоративтік павильондарына жақын жердегі «Мүмкіндіктер» тақырыптық кластерінде орналасқан.
Халықаралық көрме орталығы ашылды
ЭКСПО шағын қалашығында халықаралық көрме орталығы жұмыс істей бастады. Бұл жер «Астана ЭКСПО-
2017» көрмесі кезінде қойма болған екен. Кейін қойманы тиімді пайдалану мақсатында көрме орталығын ашу туралы шешім қабылданған.
«Бұл орталықта кішігірім ғана емес, кең ауқымды халықаралық деңгейдегі көрмелерді де ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Мұндай көрме орталығы Қазан қаласында бар. Ал Ташкентте енді салынып жатыр, бірақ оның форматы басқа. Көрме орталығының тағы бір ерекшелігі – кеңдігі. Яғни кез келген форматтағы шараны ұйымдастыруға ыңғайлы. Мысалы, қазір Automechanika Astana 2021 атты халықаралық автомобильдер көрмесі өтіп жатыр», деді QazExpoCongress ұлттық компаниясының төрағасы.
Көрме орталығының жалпы аумағы – 13 мың шарты метр. Былтыр қыркүйек айында ашылғанымен, пандемиялық ахуалға байланысты осы уақытқа дейін бірде-бір іс-шара болмаған.
Ал алдағы уақытта ULTTYQ ÒNIM, KIOSH-2021, IndustryWeek сынды ірі халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Smart City Nur-Sultan ақылды қалалардың халықаралық IT-конгресін өткізу жоспарда бар.