Бірсыдырғы өтіп жатқан матчтың ажарын алғаш болып Испания қақпашысы Унаи Симон кіргізді. Алаң ортасынан қорғаушы Педридің берген екпінді пасын дұрыс күтіп ала алмаған Симон Хорватия құрамасының алға шығуына жағдай жасап берді. Артынша УЕФА бұл голды Педридің еншісіне жазды. Қалай болғанда да бұл – автогол. Әрі биылғы чемпионатта тіркеліп отырған тоғызыншы автогол. Бұл тұрғыдан биылғы доп додасы рекорд жасап отыр. Себебі, осыған дейін бүкіл Еуро додасының барлығы қосылып 9 автоголды әрең тіркеген еді.
Осыдан соң хорваттар белсене қимылдап, есеп басымдылығын арттыра түсуге тырысқан. Алайда испандар баяу, бірақ үздіксіз жылдамдықпен ойын тізгінін қолға ала бастады және ол нәтижесіз де болған жоқ. Ойынның 38 минутында Пабло Сарабия гол соғып, есепті теңестірді. Үзіліске құрамалар осындай тең жағдайда аттанды.
Екінші таймда Испания құрамасы өзгерді. Топтық кезеңіндегі сүреңсіз құрама кейпінен арылып, белсендірек қимылдауға көшті. 57 минутта Сесар Аспиликуэта турнирдегі алғашқы голын соғып, командасын алға шығарды. «Челси»қорғаушысының жолын жас шабуылшы Ферран Торрес сәтті жалғастыра білді. Торрес 76 минутта Хорватия қақпасынан саңылау тауып, матч нүктесін қойғандай болған. Дегенмен Златко Далич командасының соңына дейін ұрыс салатыны ежелден белгілі. Команда сол мінезіне басты. Симон қақпасы маңындағы қарбалас сәтінде Мислав Оршич капитан Модричтен келген пасты теуіп үлгерді. Симон допты қақпа ішінен қайтарды. Сөйтіп, есеп айырмасы қысқарды. Бұл біз көретін спектаклдің соңы емес екен. Қосымша қосылған минут түгесілер тұста сол қапталдан әуелете асырған Оршичтің пасына бірінші жеткен Марио Пашалич есепті теңестіріп кетті. Сөйтіп, қос команда айқасты овертаймда жалғастырды.
100 минутта Альваро Мората гол соқты. Ізінше Микель Оярсабаль есепті 5:3-ке жеткізді. Әрі қарай Хорватия құрамасы еш шара істей алған жоқ. Испания ширек финалға үлкен қиындықпен жолдама алды.