Қаржы • 29 Маусым, 2021

Экспорттаушылардың 2 млрд шығыны өтелді

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басталғалы бері 307 компаниядан өңделген тауарларды экспорттауға байланысты туындайтын шығындардың бір бөлігін өтеп беруге байланысты өтініш келіп түскен. Елімізде бұл бағыттағы өтініштерді QazTrade АҚ қарастырып, кәсіпкерлерге тікелей көмектесетіні белгілі.

Экспорттаушылардың 2 млрд шығыны өтелді

Ең көп өтініш Қостанай облысынан келген – 118. Одан кейін Алматы қаласы (83) мен Қарағанды облысы (65) өндірушілерінің белсенді екені байқалады. Ең аз өтінім Маңғыстау облысынан (5) келіп түсіпті. Шығынды өтеу жайлы ұсыныстардың 21 пайызы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне, 22 пайызы орта және 57 пайызы шағын кәсіпкерлікке тиесілі.
«Өтініштердің басым бөлігі – та­уарларды жеткізу шығындарымен бай­ланысты. Сонымен қоса тауарлар айналымы бойынша да өтініш­тер көп. Яғни қазақстандық тауарлар­ды шетелде жарнамалау мен жыл­жы­туға, тауарларды қоймада сақтауға, нарықтарда тауар белгілерін тіркеуге және техрегламенттерге сәйкестік рәсім­дері­нің өтуіне қатысты шығындар. Ведомс­­твоаралық комиссия 11 отырысының қо­ры­тын­дысы бойынша 307 ком­па­ния­­дан 2 356 млн теңге сомасына 132 өті­нім шы­ғын­дарды өтеуге ма­құл­данды» делінген компания хабарламасында.
2019 жылы мемлекеттік қолдау алған компаниялар өндіріс көлемін 9 па­­йызға, экспорттық түсім көлемін 3 па­йызға арттырыпты, нәтижесінде салық аударымдары көлемі 45 пайыз­ға өскен. Бұл жаңа 755 жұмыс орны­ның ашылуына ықпал еткен.
Ал біздің тауарлар әлемнің 29 еліне тікелей экспортталыпты. Оның арасында қазақ тауарларын жаңадан импорттай бастаған Оңтүстік Корея, АҚШ, Сауд Арабиясы, Оман, Кувейт сияқты елдер бар. Былтыр мемлекет қолдауын алған компанияларда экспорт деңгейі 90 пайызға дейін өсім көрсеткен. Салық аударымдарының көлемі 83 пайызға ұлғайған.
«Шикізаттық емес экспорт шығын­дарының бір бөлігін өтеу бойынша мемлекеттік қолдау алған экспорт­тау­шылар 3 034 жаңа жұмыс орынын құрды. АҚШ, Мексика, Тайвань, Из­раиль, Франция, Эстония, Канада сияқ­ты жаңа экспорттық елдер пайда болды» делінген QazTrade мәлім­де­месінде.