Батыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың жаңа қаулысы осы дүйсенбіден бастап күшіне енді.
Пандемия басталғалы облыста 24 673 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Ал 1 маусымнан бері ғана Сovid-19 вирусы 2 115 адамнан табылды. Соның ішінде 1 351 адам ауру белгілерімен дәрігерге қаралған, олардың жақын-жуығы арасынан тағы 540 адамда инфекция анықталған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендерден 205 адам, вахталық ауысымнан шығарда не кірерде, шетелге шығар алдында, стационарларға емдеуге жатқызу алдында эпидемиологиялық қадағалау мақсатында сынама алынғандар арасынан 19 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды.
Ауырып қалғандардың 38,4%-ы – тұрақты жұмысы бар азаматтар. Бірақ жұмыс істемейтін тұрғындар мен зейнеткерлер арасында да вирус жұқтырғандар аз емес. Сараптама 202 оқушы, 89 мұғалім, еш жерге бармайтын 69 бала, 53 студент, 47 медицина қызметкері, түрлі балалар ұйымдарындағы 15 бала, 7 балабақша тәрбиешісі,
6 сарбаз ауырып қалғанын көрсетіп тұр.
1 маусымнан бері зертханаларда 56 291 ПТР тест зерттеуі жасалды, орта есеппен күніне 2 084 тест зерттелуде.
Сараптама нәтижесі қоғамдық көліктер және адам көп жиналатын сауда үйлері, базарлар, медициналық ұйымдар, қоғамдық тамақтану орындары вирустың негізгі ошағы болып отырғанын көрсеткен. Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысында шектеуге ұшыраған нысандар да осылар.
Сонымен, 28 маусымнан бастап өңірде жабық базарлар, сауда үйлері, қоғамдық тамақтандыру орындары сенбі, жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Бірақ бұл шектеу Ashyq жобасымен жұмыс істейтіндерге жүрмейді. Ашық базарлар жұмыс істей береді.
Сондай-ақ жазғы кафелер 07.00-ден 22.00-ге дейін, Ashyq жобасына қатысқан болса, түнгі сағат 02.00-ге дейін ашық болады. Тек ұжымдық, салтанатты, отбасылық және басқа бұқаралық іс-шараларды өткізуге болмайды және келушілер саны 50 орыннан аспауы тиіс.
Бұдан бөлек түнгі және ойын клубтары, барлар, кальян орындары қызметіне, сол секілді Ashyq жобасына қатысатын нысандарда еске алу шараларын қоспағанда, ойын-сауық, ұжымдық, отбасылық (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтой, т.б.) және басқа адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге болмайды. Мұндай іс-шараларды ұйымдастырушылар да, қатысушылар да айыпқа тартылады.
Соңғы аптада, яғни маусымның 21-27 аралығында өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 15,5%-ға өскен.
Соңғы мәліметке қарағанда өңірде эпидемия басталғалы
24 673 адам коронавируспен ауырған, соның 19 904-і жазылып шыққан. Тек 27 маусым күні 101 адамнан вирус анықталды.
Өңірде мониторингтік топтар карантин талаптарын сақтамаған нысандарды анықтап, жазаға тартумен жүйелі айналысып келеді. 1 маусымнан бері олар 279 мәрте рейд жүргізіп, 1 451 нысанды тексерген екен. Соның ішінде 30 нысанда тәртіп бұзушылық анықталған. 7 хаттама толтырылып, 889 685 теңгеге айыппұл салынған.
Облыс аумағында індетке қарсы екпе жұмысы да жүйелі жүруде. Бүгінде өңірде облыс бойынша 66 екпе пункті жұмыс істейді. 27 маусымдағы мәліметке қарағанда, вакцинаның 1-компонентін 90 658 адам, 2-компонентін 59 961 адам алып үлгерген.
Бүгінгі таңда Ashyq қосымшасымен облыс бойынша барлығы 515 нысан жұмыс істейді. 10 маусымнан бері Ashyq жобасына қатысатын нысандарда «сары/қызыл» мәртебесі бар 108 адам анықталды. Орал қаласында «қызыл» мәртебесі бар 41 адам, «сары» мәртебесі бар 35 адам, Ақсай қаласында «қызыл» мәртебесі бар 4 адам, «сары» мәртебесі бар 2 адам анықталды. Байтерек ауданында да 2 «қызыл»,
6 «сары» адам, Қазталов ауданында 4 «сары», Ақжайық ауданында 4 «сары», Тасқала ауданында 1 «қызыл», 1 «сары» мәртебелі адам анықталған. Мұндай тәртіп бұзушылық Теректі, Шыңғырлау, Жаңақала, Жәнібек, Бөкейорда аудандарынан да анықталған. Әрине, олардың бәріне де әкімшілік жаза қолданылды.
Өңірде «қызыл аймақ» мәртебесі қаншаға созылатынын сарапшылардың өзі де тап басып айта алмай отыр. Бәрі де азаматтардың сақтануына, карантиндік сақтық шараларының сақталуына байланысты.
Батыс Қазақстан облысы