Аймақтар • 29 Маусым, 2021

Ақтауда вакцина алушылар арасында 2 бөлмелі пәтер ұтысқа тігілді

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірде вакцина алушыларды ынталандыру шаралары қалай ұйымдастырылып жатқаны туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда вакцина алушылар арасында 2 бөлмелі пәтер ұтысқа тігілді

«Коронавиурсқа қарсы вакциналау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде бірінші компонетпен 57 800, екінші компонентпен 33 350 адам егілді. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы 99 пайызға, құқық қорғау органдарының қызметкерлері 100 пайызға вакциналанды», деді Серікбай Трұмов Үкімет отырысында.

Әкімнің сөзіне қарағанда, вакциналау жұмыстарын одан әрі күшейту үшін арнайы штаб құрылып, басқа да санаттар бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы айдың бірінші онкүндігінде бірінші компонентпен 3454 адам егілсе, екінші онкүндікте 5128-ге дейін өсті. Соңғы аптада 8 мыңға жуық адам екпе алды. Білім беру жүйесінде вакцина алған қызметкерлердің үлесі 38-ден 45 пайызға дейін жеткізілді. Жаңа оқу жылына дейін саланың барлық қызметкерлері екпе жұмысын аяқтайды. Сонымен бірге құрылысы компанияларының қызметкерлерін вакциналау кестесі бекітілді. Халықты вакциналау үшін жылжымалы бригадалардың жұмысы және ауылды жерлерде үйлерді аралау арқылы ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілді», деді облыс басшысы.

Түсіндіру жұмыстарынан бөлек, апта сайын түрлі бағалы заттар ұтысқа тігілуде. Арасында тіпті пәтер де бар.

«Халықты вакцина алуға ынталандыру үшін өңірде 22 маусымнан бастап басты жүлде - Ақтау қаласындағы екі бөлмелі пәтерге ұтыс ойыны жарияланды. Вакцина алушылар қарқынын арттыру үшін апта сайын тұрмыстық техника, смартфондар, тоңазытқыштар, теледидар сияқты бағалы сыйлықтар ойнатылып тұрады. Жеңімпаздар арнайы құрылған сайт арқылы тікеле эфирде анықталады», деді Маңғыстау облысының әкімі.