Қазақстан • 29 Маусым, 2021

Әскери полицейлер «Тәртіп сақшысы» байқауына қатысады

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Спасск» оқу-жаттығу полигонында ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасының командасы биыл Сербияда өтетін «Тәртіп сақшысы» байқауына дайындыққа кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери полицейлер «Тәртіп сақшысы» байқауына қатысады

Команда құрамы 6 адамнан тұрады. Оған дене және атыс даярлығынан жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленген әскери полиция қызметкерлері кірді.

«Тәртіп сақшысы» байқауы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде әскери қызметшілер автомат пен пистолеттен ату шеберліктеріне жарысса, екіншіде – жұптасып патруль жүргізу машықтарын көрсетеді. Олар тұрғындары бар ауылдарда шартты қарсыласқа атыспен шабуыл жасап сайысады. Үшінші «Патрульді наряд» кезеңінде атыс, медициналық дайындық, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс және гранатты дәлдеп лақтыру нормативтерін орындайды. Оған экстермалды элементтер арқылы патрульдік автокөлікті жүргізе отырып, құқық бұзушыны шабуылын тойтару мен ұстау кіреді.

– Ең қиыны және соңғы шешуші кезең – «Жүгіру» кезеңі. Бұған ұзындығы 12 шақырымға созылған тас жолдағы табиғи және жасанды кедергілерді еңсеру кіреді, – деді команда жаттықтырушысы полковник Виталий Федоров.

Алғаш рет «Тәртіп сақшысы» байқауы 2017 жылы Армия халықаралық ойындары аясында өткізіліп, біздің команда екінші орын алған болатын.