Әлем • 29 Маусым, 2021

Инклюзивті, көп салалы БҰҰ құру қажет

155 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

КИТО/МАДРИД. Ұлы державалар бәсекесі, ксенофобиялық ұлтшылдық, қазіргі таңдағы экологиялық қатерлер, коронавирус пандемиясы секілді заманауи қатерлер жаһандық басқару проблемаларын көрсетеді. Осындай мәселелерге қарсы тұру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш былтыр Бас Ассамблеяның отырысында әлем лидерлерін «бақытты болашақты» қамтамасыз етуге шақырып, БҰҰ-ның 75-ші декларациясында қамтылған ауқымды міндеттемелерді ілгерілетуге қадам жасауды ұсынды.

Инклюзивті, көп салалы БҰҰ құру қажет

Бас хатшының көптен күткен «Ортақ күн тәртібіміз» атты есебі алдағы қыр­күйек айына жос­парланған. Есеп беруде ай­тыл­ған ұсынымдарды таразылап, оны жүзеге асыруда ең тиімді идеяларды ойластыра отырып қабылдау қажет. Сондықтан көп­теген қатысушыны тартатын Ин­клюзивті жаһандық басқару жө­ніндегі Дүниежүзілік саммит өткізу туралы ұсынысты қол­даймыз.

Былтырғы қыркүйек айында Бас Ассамблеяның 75 жылдық ме­рейтойлық жиналысында сөз сөйлегеннен бері Гутерриш «желілік көпжақтылықтың» қажетін бірнеше рет атап өтті. Онда «Біріккен Ұлттар Ұйы­мының отбасы, ха­лықаралық қар­жы институттары, аймақтық ұйымдар, сауда блоктары және бас­қалары бірлесіп әрі тиім­ді жұ­мыс істейді», деді ол. Биыл­ғы 24 сәуірде Халықаралық көп­жақтылық пен бейбітшіл дипломатия күнінде ол «азаматтық қо­ғамға, бизнеске, жергілікті және аймақтық билік органдары мен бас­қаларға сүйенетін, сондай-ақ билікті кеңірек және әділ бөлетін инклюзивті көп­жақтылыққа» шақырды.

Көпжақты жүйенің шие­ленісуін және БҰҰ-ның әлемдегі шұғыл жаһандық мәселелерді ше­шу үшін 193 мүше-елден бөлек таланттар тартып, тың ресурс­тар пайдалануы қажеттігін ескерсек, Гутерриштің өтініші дәл уақытында айтылып отыр. Бірақ Covid-19 пандемиясынан кейін ахуалды қалпына кел­тіруге талпыныс пен әлемдік көш­басшылардың ережелерге негізделген халықаралық тәр­тіпке сүйенуге  шақыруының кө­бей­гені­не қарамастан, әлі де көп нәрсе жасау керек.

Атап айтқанда, кейбір сая­си лидерлердің қоғамның алаң­даушылығын күшейтетін және жаһандық ынтымақ­тастық­тың ережелері мен институт­тарына нұқсан келтіретін ше­шім­дерінің әсе­ріне қарсы тұру үшін көпжақтылық кеңінен қол­данылуы керек. Бұл көш­бас­шылар көбіне өз елдерінің проблемаларына басқаларды кінә­лайды. Немесе ұлтаралық проблемалармен күресудегі тиімсіз, оқшау тәсілдері үшін бас­қаларды кінәлайды. Сөйтіп, қоғамды жік­тей түседі. Әлем көпжақты жүйеге түскен қысымды бұлың­ғыр қағидаттар немесе орындалмайтын саяси мақсаттар ар­қылы жеңілдете алмайды.

Бақытымызға орай, Бас хат­шының жаңаша түрдегі желілік және инклюзивті көп­жақтылыққа шақыруы осылайша әлемдік басқару нормаларын, саясаттарын, институттары мен операция­ларын байсалды және нәтижелі түрде қай­та қарауға итермелейді. Осындай рефор­маларды жүзеге асы­рудың жол кар­тасы жан-жақ­ты үкіметаралық және көп мүдделі тараптардың дайын­дық әре­кеттерін қамтып, 2023 жылы Дүние­жүзілік саммитте қабылдануы тиіс. Мұн­дай жиын БҰҰ жүйесін бей­бітшілік пен қауіпсіздік, орнықты да­му мәсе­лелеріне, адам құқықтарына қатыс­ты қазіргі таң­да кездесіп отыр­ған қиын­дықтар мен мүм­кіндіктерге ілесуге көмектесуге бағыт­­талған.

Дүниежүзіндегі үкіметтер мен үкімет­тік емес топтардың көшбасшыларына сенім артып, саммит ғаламдық бас­қару жүйесін қайта құруға және ме­кемелердің, саясаткерлердің және адам­дардың бірлескен жаңа ортасын құруға тырысады. Стимсон орталығы таяу­да жария­лаған Beyond UN75:
A Roadmap for Inclusive, Networked & Effective Global Governance деп аталатын есебінде осы стратегия жөнінде егжей-тегжейлі мәлі­­мет ұсынады.

«Көпжақтылық альянсы» секілді мем­лекеттердің жаһан­дық коалициялары және азамат­тық қоғам желілері, сонымен қатар «Бізге қажет БҰҰ» коали­циясы және «Бәріміз бірге» бас­тамалары әлемге қажет іс-қи­мылдарды жүзеге асыру үшін қажетті көшбасшылықты, шығар­­машылық идеяларды және ди­пломатиялық дағдыларды қам­тамасыз етуге көмектеседі. Осы орайда, біздің «Өзгерістер мен инклюзивті қолдайтын әйел көшбасшылар тобы» мен «Мадрид клубы» да БҰҰ-ның 75-ші декларациясында айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін берік әрі ма­ғыналы күн тәртібін қолдайды.

Covid-19 қозғаған әлеумет­тік-эконо­микалық мәселелерді шешу ретінде «Мадрид клубы» БҰҰ Бас хат­шысының «Ортақ күн тәртібіміз» баяндамасына орай 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібіндегі әлеуметтік көмекті күшейту үшін екінші Дүниежүзілік әлеу­меттік даму саммитін шақыруды ұсынды. Адамдардың басты қажет­тіліктеріне назар аудару, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және лайық­ты жұмыс бойынша әлеуетті, бірлескен әрекет жасау БҰҰ-ның өзектілігін арттырып, бұрын­ғыдан бетер маңызды ете түсті. Тұрғын­дардың қажеттіліктерін шұғыл түрде шешуден басқа, БҰҰ әйел лидерлер тобы таяу­да жариялаған «Әйелдер көп­жақтылығы» мәлімдемесінде «үлкенді-кішілі мемлекеттерде ерлер мен әйелдердің тең құқығын сақтауы керек» екенін атап өтті.

Әлемдегі жалғыз шынайы әмбебап ұйым – БҰҰ бүкіл адамзат пен елдер үшін бұрын-соңды осыншалықты өмірлік маңызды болған емес. Бірақ оған жаңартылған қиял, өзгермелі жаһандық жағдайларға жігерлі бейімделу мен мемлекетке жұ­мыс істейтін және басқа да ұйым­ды қолдайтындар қажет.

Дүниежүзі 26 маусымда БҰҰ-ның Жарғысы күнін атап өткенде қыркүйекте жыл сайынғы жоғары деңгейдегі Бас Ассамблеясының отырысына жиналатын халықаралық көш­басшыларды БҰҰ-ның жоғары лауазымды тұлғаларының ұсы­ныстарына құлақ асуға және «арнайы үкіметаралық процесті» қолдауға шақырамыз. Сондай-ақ БҰҰ жүйесінің инс­титуттық механизмін нығайту және реформалау қажет. Әлемдегі түр­лі көш­­басшыларды, соның ішін­де ака­демиктерді, практиктерді, белсенді­лер мен саясаткерлерді жұмылдыру арқы­лы халықаралық қоғамдастық «бақыт­ты бола­шақты» шындыққа айналдыра алады.

 

Мария Фернанда ЭСПИНОСА,

БҰҰ Бас Ассамблеясының бұрынғы президенті, Эквадордың бұрынғы сыртқы істер министрі және қорғаныс министрі,

Данило ТҮРК,

Словенияның бұрынғы президенті, «Мадрид клубының» президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org