Спорт • 01 Шілде, 2021

«Алтай» мен «Жетісу» Азияның клубтық чемпионатына қатысады

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан волейбол тарихында тұңғыш рет қос команадамыз Азияның клубтық чемпионатына қатысады.  Олар – Өскенменнің «Алтайы» мен Талдықорғанның «Жетісуы», деп жазады Egemen.kz.

«Алтай» мен «Жетісу» Азияның клубтық чемпионатына қатысады

Әйелдер арасындағы айтулы дода 2021 жылдың 24-қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында өтеді. Алғашында оған тек ел чемпионы «Алтай» ғана қатысуға тиіс еді. Күні кеше құрлықтық квотаның «Жетісуға» берілгені мәлім болды. Осылайша, еліміздің қос командасы күзде Таиландқа аттанады.

Естеріңізге сала кетейік, Азияның клубтық чемпионаты 1999 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта Қытайдың – сегіз, Таиландтың – алты, Жапонияның – үш, Қазақстанның – екі және Оңтүстік Кореяның бір ұжымы алтыннан алқа тағынды. 

Қазақстанның командалары арасында Алматының «Рахаты» (2004, 2007) екі рет топ жарса, «Жетісу» (2010, 2013) екі рет күміс медальді мойнына ілді. Сондай-ақ, талдықорғандықтар екі мәрте және алматылықтар бір рет қола жүлдені иеленді.