– Ақшалай ұтысты өткізудегі мақсат – тұрғындарды вакцина алуға ынталандыру. Сол ұтыс ойынының жүлде қорына 40 млн теңге салынды. Оның 10 млн теңгесі бас жүлдеге беріледі. Ұтыс ойыны 30 маусымда басталды. Енді әр он күн сайын 200 мың теңгелік 10 сертификат ойнатылады. Бұл 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Тамыз айында 30 маусым-31 шілде аралығында вакцина алғандар үшін 3 млн теңге көлеміндегі екі сертификат ұтысқа шығарылады. Ал қыркүйекте 1-31 тамызда екпе алғандар үшін тағы 3 млн теңгенің екі сертификатын ойнатуды көздедік. Қазан айында бас жүлде – 10 млн теңгені ұту үшін 1 ақпан-30 қыркүйек аралығында вакцинаның бірінші немесе екінші компонентін салдырған тұрғындар қатысады, – дейді «Азаматтық альянс» ЗТБ төрағасы Әлібек Семғалиев.
Оның айтуына қарағанда, жеңімпаздар Атырау облыстық «Азаматтық Альянс» ЗТБ-ның әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирінде анықталады. Жеңімпаздарды анықтауға аталған акцияның ашықтығын қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері тартылмақ.
Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басшылығы да вакцина алған оқытушылар мен студенттерді ынталандыруға ниет танытып отыр. Нақтылай айтқанда, коронавирус инфекциясына қарсы екпе алған қызметкерлер мен профессорлық-оқытушылық құрам арасында 30 000 теңгенің біржолғы ақшалай сыйлығын, сондай-ақ студенттер үйіндегі бассейнге баруға 50 пайыздық жеңілдікті ұсыну көзделіпті. Ал вакцина алған студенттер арасында 30 туристік жолдама мен үш ноутбук ойнатылады. Студенттерге оқу ақысын төлеу кезінде 30, 50, 100 пайыздық жеңілдік алуға, ағылшын тілін оқыту курсына тегін қатысу үшін лотерея ойнату жоспарланыпты.
Атырау облысы