Қоғам • 02 Шілде, 2021

Үлкен Алматы айналма жолы екі жылға ерте аяқталады

662 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үлкен Алматы айналма жолын 2022 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Үлкен Алматы айналма жолы екі жылға ерте аяқталады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин биыл 1 шілде күні Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) салыну барысын тексерді.

Үкімет басшысы құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқынын арттыруды және барлық сапа стандарттарын қамтамасыз ете отырып, кестеден 2 жылға ертерек, жұмысты 2022 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. А.Маминнің айтуынша,  аталған айналма жол Алматы агломерациясын ғана емес, жалпы елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту үшін де маңызды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары аясында

ҮАААЖ пайдалануға берілгеннен кейін тәулігіне шамамен 38 мың автомобиль Алматы қаласын айналып өтетін болады. Бұл Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемінің өсуіне де септігін тигізеді деп күтілуде. Жобаны іске асыру көлік қызметін көрсету сапасын арттырады, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобиль көлігінің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтады.

Құрылыс алаңына шамамен 1600 адам мен 600 бірлік техника жұмылдырылған. Құрылыс аса белсенді жүргізілетін кезде 3 мыңға жуық адамды тарту жоспарланып отыр.

Ұзындығы 66 км және алты жолақты қозғалысты үлкен айналма автомобиль жолы I техникалық санат параметрлеріне сәйкес келетін болады. Автожол құрылысымен қатар жаңа көпірлер, көлік жол айрықтары мен эстакадалар салу көзделген.

Айта кетейік, ҮАААЖ – Қазақстан мен Орталық Азиядағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы жол құрылысының ірі инфрақұрылымдық жобасы. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңгені құрайды. Жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі қаржыландырады. Концессия шартына 2018 жылы 20 жыл мерзімге қол қойылды. Концессионер – «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» секілді Түркия және Оңтүстік Корея компаниялары құрған «ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС.