Спорт • 02 Шілде, 2021

Токио олимпиадасына Қазақстаннан қанша спортшы қатысады?

1062 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандық спортшылар Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алды. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Токио Олимпиадасының іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды. Нәтижесінде біздің олимпиадалық құрамға 95 спортшы кіреді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Токио олимпиадасына Қазақстаннан қанша спортшы қатысады?

Токио Олимпиадасы 23 шілде күні басталады және төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.  

«Ұлттық Олимпиадалық комитет спортшылар мен жаттықтырушыларға Олимпиадаға деген армандарына адалдық танытып, тынымсыз жұмыс істеп, талмай еңбектенгені үшін алғыс білдіреді. Осы орайда ұлттық спорт федерацияларының, кешенді ғылыми топ мамандарының, спорт менеджерлерінің қажырлы жұмысын атап өткен жөн. Олар өз спорт түрлері бойынша жолдаманы жеңіп алуға және Олимпиада ойындарына үздік спортшылардың аттануына барынша көмектесті. Олимпиадалық отбасы үшін Токио Олимпиадасына дейінгі соңғы екі жыл оңай болған жоқ. Соған қарамастан қазақстандық спортшылар өздеріне, командаға деген сенімдерін жоғалтпады және өздерінің көрсеткіштерін жақсартумен жаттығуларын жалғастырды. Тіпті осындай жағдайға қарамастан біз барынша мүмкіндікті кеңейтіп, Токиоға ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыларды жасақтадық. Барлық Олимпиадалық отбасының атынан Мемлекет басшысына және ел Үкіметіне қазақстандық спортшыларды қолдап, барлық қажетті жағдайды жасағаны үшін алғыс айтқым келеді», деді Қазақстан ҰОК Президенті Тимур Құлыбаев.

Қазақстан бірінші рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Каратэ бойынша бірден бес спортшы, ерлерден Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин бақ сынайды.

Танымал қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова отандық олимпиадалық құрамның көшбасшысы болатыны сөзсіз. Бұл дода  Ольганың спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Бүгінде оның қоржынында олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар. Осыған дейінгі қатысқан барлық Олимпиада ойындарында ол жүлдемен оралған еді.

Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатсатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпиада ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.

Дәстүр бойынша Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен, сегіз салмақ бойынша қатысады. Ел қоржынындағы тоғыз жолдама боксшыларға тиесілі.

Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдаманы еншілеп, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады.

Жүзуден біз үш жолдаманы иелендік. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі.

Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортышының қатарына енді. Афиныдағы Олимпиада ойындарынан кейін (2004) алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге  команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді. Тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақстан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі, осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған дисциплина бойынша Олимпиада ойындарына қатыспаған.

Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиада ойындарында командалық жарысқа қатысады.

Бүгінде он бір жолдама балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы мөлшерде лицензия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэде есуден алты жолдама қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде белдесетін татами шеберлерінің арасында тәжірибелі Елдос Сметов бар. 

Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ, таеквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензия алды.

Қазіргі таңда ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде.

Олимпиада ойынарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 5 шілдеден кейін белгілі болады.

Қазақстандық делегацияның басым бөлігі екі апталық карантиннен кейін Қазақстаннан Токиоға аттанады. Бірінші орындағы міндетіміз спортшылардың қауіпсіздігі, деп атап өтті Ұлттық Олимпиада комитеті.

Енді маңызды міндеттердің бірі Олимпиада ойындары басталар алдындағы соңғы күндерді ұйымдастыру және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету болып қала береді. Токио Олимпиадасының Ұйымдастыру комитеті мен Халықаралық Олимпиада комитеті Олимпиадаға қатысушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу және алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, қатысушыларға арнайы ережелер жиынтығын «Плэйбукты» шығарды. Мұндай шараға спортшылардың және делегациялардың басқа мүшелерінің қозғалысын шектеу, ҰОК-тан және халықаралық федерациялардан делегациялардың санын қысқарту, күнделікті ПТР-тестілері және Олимпиада ойындарына қатысушылардың орналасқан жерін арнайы мобильді қосымшалар арқылы үнемі қадағалау кіреді. Команда Жапонияға 16 шілдеде «Air Astana» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған чартерлік рейспен ұшады.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 маусымда Токио Олимпиада стадионында өтеді.