Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен (ҰАК) және «Ұлттық аударма бюросы» Коғамдық қорымен (ҰАБ) бірлесіп, 21 маусым мен 1 шілде аралығында Лондон кітап жәрмеңкесіне қатысты.
Аталған жәрмеңке – баспа, аудио, кино, телеөнімдерді және сандық форматтағы мазмұнды сатуға және таратуға, сондай-ақ олардың баспа құқықтарын талқылауға арналған жаһандық алаң. Жыл сайын онда әлемнің түкпір-түкпірінен 25 мыңнан астам баспа ісі мамандары жиналады.
Қазақстан жәрмеңкеде Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармалары, Заманауи қазақ әдебиетінің антологиялары, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағын көпшілік назарына ұсынды. Аталмыш ағылшынтілді басылымдар 2019 және 2020 жылдары Кембридж университетінің баспасымен серіктестікте басылған.
Сонымен қатар стендте ҰАК жаңа электронды кітапханасының кітаптары және ҰАБ Оксфорд университеті баспасымен әріптестікте жариялаған Оксфорд экономикалық және әлеуметтік сөздіктері ұсынылды.
ҰАБ жәрмеңкеде 500 мың сөзден тұратын ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын тілдеріндегі Оксфорд қазақ сөздігінің жобасын ұсынды. Жоспар бойынша, сөздік 2021 жылдың соңына дейін басылып шығуы тиіс.