Ақтөбелік металлургтер күн сайын вакцина қабылдап жатыр. 4 мыңнан аса адам жұмыс істейтін Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қызметкерлердің 40,6% немесе 1676 адам алғашқы компенентті алса, екінші компонентті 27,4% немесе 1132 адам қабылдады. Ал Дөң кен-байыту комбинатында алғашқы компонентті 10,1% немесе 720 адам салдырды, екіншісін – 5,8% немесе 414 адам алды.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірінші балқыту цехында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Мұнда қызметкердің 77% вакцина алған. Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы жақсы көрсеткіш өз нәтижесін беріп жатыр. Мұнда коронавирус жұқтырғандар саны төмендеді.
«COVID-19-ға қарсы вакцина алу немесе алмау – бұл әркімнің жеке шаруасы. Бірақ зауыт қызметкерлерінің бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, екпе алып жатқандарына ризамын. Әркім өзінің және жақындарының денсаулығына жауапты. Мұны естен шығармаған жөн», дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов.
Жұмысшылар медицина орталығында және зауыт аумағындағы медицина бөлмесінде вакцина алып жүр.
Сондай-ақ компания басшылығы 22-маусымнан бастап екпе алған қызметкерлердің еңбек демалысына 1 күн қосуға шешім қабылдады. Медицина орталығының қызметкерлері тұрақты түрде цехтарды аралап, ұжымдарымен кездеседі, екпе алудың қажеттілігі мен сырқаттың салдары туралы айтып түсіндіруде.