Қоғам • 03 Шілде, 2021

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады?

649 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы аптап ыстық тағы бірнеше күнге жалғасады. Мұндай ауа райы, әсіресе, балалар мен қарттарға, сондай-ақ жүрегі ауыратын адамдар үшін қолайсыз. Осыған байланысты елорда дәрігерлері бірнеше кеңес берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады?

«Ыстық күндері далаға шығардан бұрын салқын сумен жуынып алған дұрыс», дейді №10 қалалық поликлиника дәрігері Наргиз Абдурраимова.

Дәрігердің айтуынша, аптап ыстықта далаға шығу үшін сағат таңғы 10.00-ге дейінгі немесе кешкі 17.00-ден кейінгі уақытты таңдаған абзал. Себебі ең жоғары температура, әдетте, сағат 11.00 – 17.00 аралығында болады. Ал белгілі бір себеппен осы уақытта далаға шығу қажеттілігі туындаса, ашық реңкті жеңіл матадан тігілген, кең тұратын киім киген жөн. Сондай-ақ дәрігер күн астында 2 сағаттан астам қалмауға кеңес береді. Себебі күн өту немесе күнге күю қаупі бар.

«Күн астында көп жүрген адамның көзі қарауытып, басы айналуы, жүрегі айнуы мүмкін. Жүрек соғысы жиілеп, терісі боп-боз болып кетсе, күн өткеннің белгісі. Ал күнге күйгенде тері қызара бастайды. Ондай кезде көлеңкелі жерге отырып демалу, ғимаратқа кіріп жата тұруы керек. Көп су ішкен де пайдалы», деп түсіндірді дәрігер.

Аптап ыстықта су мен аса тәтті емес жеміс шырынын ішуге болады. Шай ішкіңіз келсе, біраз суығанын күткен жөн.  

«Мұндай күндері қуырылған, ыстық тамақтан, ішімдіктен, қою шай мен кофеден, газдалған сусындардан бас тарта тұрған дұрыс. Жеміс-жидек, салқын сорпа, майлы емес ет пен балық жеуге болады», дейді Н. Абдурраимова.

Сонымен қатар бөлмені жиі желдетіп, терезелерді қараңғылап қоюға кеңес берд.