Турнир Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету арқылы оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізілді. Он жыл бойы үздіксіз өтіп, миллиондаған көрермендердің сүйікті жобасына айналған «Қазақстан Барысы» турнирі ұлттық құндылықтардың тоғысқан арнасы.
Турнирдің құрметті қонақтары ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Д.Абаев, ҚР мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
Оныншы рет өткен бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысты, оның ішінде күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпаздары да бар. Қатысушы балуандардың 11-і жобада тұғыш рет бақ сынады. Балуандар Qazaq kuresi Ассоциациясы бекіткен ережеге сай күресті.
Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Е.Қажыбаев 155 келі болса, ең жеңіл салмақта Ерсұлтан Мұзаппаров 90 келі болды. Ақтық белдесуде Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының балуаны кездесіп, бабы мен бағы тең түскен Дәурен Нұралинов (ШҚО) – «Қазақстан Барысы» атанды. Ал күміс белбеуді Ғалымжан Қырықбай иеленсе, қола белбеуді маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов жеңіп алды.
Шара аясында спорттық сайыстармен қатар Р.Стамғазиев, Қ.Рахым, «Алатау серілері» этно-тобы ән шырқап, тікелей эфирде ұлттық күрес жанкүйерлерінің көңілін көтерді.
Турнирді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Нұр-Отан» партиясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Qazaq kuresi Ассоциациясы және «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ мен «Magnum» Қазақстандағы №1 сауда-бөлшек желісі демеушілік жасады.
Оныншы Барысқа 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқты» Qazaq kuresi ассоциациясы бірінші вице-президенті Самат Әбіш табыстады. Екінші орын иегері Жамбыл облысының балуанына 5 500 000 теңге және күміс белбеу берілді. Үшінші орын алған Маңғыстау облысының балуаны Жарылғапов Нұрдәулет 1 800 000 теңге, сәйкесінше қола белбеумен марапатталды.
Балуандарды марапаттау рәсіміне Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясының президенті Әнуар Садықұлов, Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясының бірінші вице-президенті Мәлік Мурзалин, Qazaq kuresi ассоциациясы бас хатшысы,»Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қуанышбек Есекеев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев және «Қазақстан Барысы» жобасының бас демеушісі, Магнум сауда желісінің басқарма төрағасы Азамат Османов қатысып, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттады.