Музей директоры Рашида Харипованың айтуынша, домбыралар коллекциясы Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынған. Содан бері 40 өнер иесінің домбырасы жиналыпты. Мұнда Махамбет пен Абай шерткен домбыралардың көшірмесі, Динаның, Нұрғиса мен Қаршығаның, Рысбай мен Әзидолланың қос ішектен қоңыр үнді төгілтер аспабы тарихи жәдігерге айналған.
Атырауда артына мол шығармашылық мұра қалдырған қазақ өнерінің қайталанбас саңлақтары, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлына, күй анасы – Дина Нұрпейісова мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың еңселі ескерткіштері бой көтерген еді. Ұлттық домбыра күніне орай өңірдің зиялы қауым өкілдері ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды.
– Алаш жұрты Атырауды ежелден күй елі, күйдің Отаны деп біледі. Ғасырдан-ғасырға жеткен батыстың күйшілік өнері тарихының тамыры тереңде жатыр. Киелі топырақтан Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Есбай мен Баламайсан, Қаршыға мен Рысбай, Әзидолла ағаларымыз бен қазақ күйінің қазіргі мақтанышы Айгүл Үлкенбаева түлеп ұшқан. Сондықтан Атыраудың күйшілік өнерін ұлттық мәдениеттің күретамырының бірі ретінде айтуға толық негіз бар, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Әкімнің айтуынша, қазақпен бірге егіз ұғымға айналған домбыра – ұлттық брендтің бірі.
– Өйткені домбыра – ұлттың үні мен жаны ғана емес, мыңдаған жылдар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан қастерлі қасиеті. Бағзы бабалардан жеткен басты байлығымыз. Сондықтан домбырасыз ұлт мәдениеті тарихын көз алдымызға елестету мүмкін емес, – деді облыс әкімі.
«Нарын» халық аспаптар оркестрі ашық аспан астындағы алаңда Құрманғазы Сағырбайұлының «Серпер», «Балбырауын» және басқа да бірнеше күйін орындады.
Атырау облысы