Қоғам • 07 Шілде, 2021

Қазақстанда жаңа қаржы пирамидасы анықталды

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйелі негізде халықты қаржы пирамидаларының белгілері анықталған ұйымдар туралы ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда жаңа қаржы пирамидасы анықталды

Әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікті мониторингілеу барысында инвестициялық қызметтен жоғары табыс табуға уәде бере отырып, өз қызметін белсенді жарнамалайтын «Finiko» компаниясы анықталды.

«Finiko» пайдаланушыларға «Сyfron Сapital OÜ» платформасында криптовалюталық және басқа инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынады. Бұл жылжымайтын мүлікті, автомобильдерді сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланысты жағдайларды жалған түрде ұқсастыратын ойын алаңы. СYFRON (CFR) – есептеулер жүргізілетін криптовалюта ресми валюта болып табылмайды және қаржылық құндылығы жоқ.

Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, жалған валютаға салады. Өз кезегінде, «Finiko» компаниясы осы ойын платформасын пайдалану кезінде күніне 1-1,2% мөлшерлеме бойынша кіріс төлеуді уәде етеді, бұл халықтың теңгелік депозиттері бойынша орташа нарықтық мөлшерлемеден 43 есеге дейін асатын жылдық есептеудегі табыстылықтың жоғары деңгейіне сәйкес келеді», деп атап өтті Агенттік өкілдері.

Сонымен қатар «Finiko» тұтынушылық және ипотекалық несиелерді өтеуді ұсынады. Компания, егер ол қарыз сомасының 35%-ын салса, қатысушының кредиті бойынша барлық соманы төлеуге міндеттенеді. Осыған ұқсас шарттар автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде ұсынылады: жарна мүлік құнының кемінде 35%-ын құрайды және 3-4 ай өткеннен кейін компания оны сатып алуға және қатысушының меншігіне беруге уәде береді.

Компания сондай-ақ кез келген сатып алуға 25% - ға дейін ақшаны қайтаруды ұсынатын жалған кэшбэк-карталар есебінен артық кірістілікті және тегін қызмет көрсету кезінде ай сайынғы қаражат қалдығына 6% сыйақы ұсынады. Бұдан басқа, осы карта шеңберінде 1-ден 5 адамға дейін тартылғаны үшін 1-ден 10% - ға дейін жоғары пайыздық кешбэк ұсынатын рефералдық бағдарлама әрекет етеді. Айта кетейік, «Finiko» өтініші бойынша кешбэк-карточка MasterCard-пен ынтымақтастықта жасалған. Алайда «Finiko» MasterCard серіктестерінің тізімінде жоқ.

«Finiko» компаниясы банктерде арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбайды. Алаяқтық операцияларды жүргізу үшін ол ақшаны тек қолма-қол нысанда қабылдайды немесе Qiwi-кошелек, Яндех-money, Easy Pay, PayPal және т.б. сияқты интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйелерін пайдаланады. Осылайша, қатысушылар салынған қаражаттың қайда бағытталғанын бақылай алмайды. Қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша Ресей Федерациясының аумағында «Finiko» компаниясының атына қылмыстық іс қозғалды», деп толықтырды Агенттікте.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Finiko» қызметін қаржы пирамидасы мен қаржылық алаяқтық белгілері бар деп бағалайды. Бұл компания қаржы ұйымдарына жатпайды, өйткені уәкілетті органның лицензиясы жоқ және тиісінше халықтан ақша тарту, сенімгерлік басқару және тартылған қаражатты инвестициялау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ.

Агенттік депозиттер түрінде не қаржы құралдарына инвестицияларды жүзеге асыру үшін ақша тарту тек екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (брокерлер-дилерлер және басқарушы компаниялар) жүзеге асыра алатын лицензияланатын қызмет түрлеріне жататынын еске салады.

Осыған байланысты Агенттік Қазақстан азаматтарын инвестициялаудың және «Finiko» компаниясымен шарттық қатынастар орнатудың, қаражатты осы компанияның шоттарына аударудың немесе қолма-қол ақша берудің қауіптілігі туралы хабардар етеді.