– Қазір тиісті құжат әзірленіп жатыр. Бекеттерден «Ашық» қосымшасында «жасыл» және «көк» мәртебесі бар адамдар ғана өте алады. Мұндай шараны мамандар инфекция өршіп бара жатқан соң қолға алған. Себебі соңғы аптада қауіпті індет 2 жарым есеге көбейіпті. Оның үстіне демалыс күндері курортты аймақтарда ине шаншар жер болмады. Міне, осының бәрі карантинді күшейтуге себеп болып отыр, – дейді дәрігерлер.
«Өсімнің ең жоғары деңгейі Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданында байқалды. Ал өткен тәулікте 126 жағдай тіркелсе, олардың 100-ден астамы симптомды. Ауруханаға жату көрсеткіші де 35-тен 50 пайызға көбейді. Қазір емдеу мекемелерінде 700-ден аса пациент жатыр», деді облыстың Бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.