Спорт • 07 Шілде, 2021

Италия – финалда

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Еуропа чемпионатының бірінші жартылай финалында Италия және Испания құрамалары бақ сынап, екі ұжым «Уэмблиде» жанкүйерлерге нағыз футбол спектаклін ұсынды. Негізгі уақытта және қосымша таймда екі құраманың да күштері тең түсіп, пенальти сериясында «Скуадра адзурраның» бағы жанды.

Италия – финалда

Луис Энрике басшылығындағы Испания құрамасы топтық кезең ойында­рын сүреңсіз өткізген болатын. Е тобындағы алғашқы екі ойында Швеция (0:0) және Польшамен (1:1) тең ойнап, соңғы турда ғана Словакияны (5:0) ірі есеппен жеңді. Осылайша үш ойында 5 ұпай жинаған Пиреней түбегі елінің өкілдері топта екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Ал 1/8 финалдың экстра-таймында Хорватия құрамасынан 5:3 есебімен басым түскен болса, ширек финалда осы чемпионаттың жаңалығы саналған Швейцарияны матч соңындағы пенальти сериясында жеңді – (3:1). Естеріңізде болса, Швейцария плей-офф кезеңінде 2018 жылғы әлем чемпиондары – Фран­цияны жарыс жолынан шығарып жі­берген еді.

Роберто Манчини жаттықтыратын Италия құрамасы болса, топтық кезеңнің өзінде-ақ биылғы чемпионаттың негізгі фавориті екенін бірден аңғартты. Себебі «Скуадра адзурра» топтық ойындарда 100 пайыздық нәтижемен келесі кезеңге шыққан болатын. Бірінші және екінші турда Түркия мен Швейцария құрамаларының қақпасына жауапсыз үш голдан салса, соңғы турда Уэльсті 1:0 есебімен ұтып, 9 ұпаймен плей-оффқа жолдама алған-ды.

1/8 финалда Аустрияны қосымша таймда жеңсе (2:1), ширек финалда чемпионаттың бас жүлдесінен үміткер саналған Бельгия құрамасын үйіне қай­тарды – 2:1.

«Уэмблиде» өткен жартылай финал ойынына тоқталар болсақ, кездесудің алғашқы 10 минутында Испания фут­болшылары 2012 жылғы матчты еске түсіріп жіберді. «Қызыл фурия» өкіл­дері бірнеше минут бойы допты өз бақы­лауында ұстап, қарсыластарына мүлде доп берген жоқ. Бірақ Италия футболшылары жылдам өздеріне келіп, кейіннен Испаниямен тең дәрежеде ойнай бастады. Тіпті ойынның 45-минутында италиялықтардың есепте алға шығатын тамаша мүмкіндігі болған. Алайда Эмерсонның тепкен добы қақпа бағанынан кері қайтты. Бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды.

Екінші тайм Испанияның аздаған басымдығымен басталса да, кездесудің бірінші голын италиялықтар соқты. 60-минутта Роберто Манчини шәкірттері кезекті қарсы шабуылды тиімді пайдаланып, Федерико Кьезаның голы арқасында есеп ашты. Алайда 80-минутта қосалқы құрамнан алаңға шыққан Альваро Мората таразы басын теңестіріп кетті – 1:1.

Негізгі уақытта да, қосымша таймда да жеңімпаз құрама анықталмаған соң, матч пенальти сериясына ұласты. Бұл сын­да италиялықтардың жолы болды – 4:2.

«Скуадра адзурра» Испания мен Бразилияның рекордын жаңартуға тағы бір қадам жасады. Яғни италиялықтар қатарынан 33 матч ешкімге жеңілмей келе жатыр. Қазіргі рекорд – 35 ойын. Осылайша Италия құрамасы өз тарихында төртінші мәрте Еуропа чемпио­натының финалына шықты. 1968 жылы чемпион атанса, 2000 және 2012 жылдары күміс жүлдені қанағат тұтқан болатын.

Италия мен Испания құрамаларының статистикаларына көз жүгіртер болсақ, екі ұжым осымен қатарынан төртінші чемпионатта бір-бірімен кездесті. Бұған дейін олар Еуро-2008, Еуро-2012 және Еуро-2016-да бақ сынаған.

2008 жылы Аустрия мен Швей­ца­рияда ұйымдастырылған доп додасында Испания мен Италия ширек финалда кездесіп, «Қызыл фурия» футболшылары матч соңындағы пенальтиде жеңіске жеткен болатын (4:2). Ал футболда тики-така жүйесі өзінің жемісін беріп тұрған 2012 жылы Испания сол жылғы доданың финалында Италияны 4:0 есе­­бімен жеңіп, қатарынан екінші рет Еуропа чемпионатының қос құлақты кубогын жеңіп алған еді. Одан кейін екі құраманың жолы Францияда өткен 2016 жылғы Кәрі құрлық бәсекесінің 1/8 финалында түйісті. Сол матчта Италия 2:0 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алған болатын. Міне, төртінші ойыннан кейін Италия таразы басын теңестірді.