Саясат • 08 Шілде, 2021

Саяси партиялар мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру

2817 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеконференция режімінде Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығына арналған Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының саммитіне қатысты.

Саяси партиялар мақсаты –  халықтың әл-ауқатын арттыру

Саммитте алғашқылардың бірі болып сөз берілген Елбасы – Тұңғыш Президент, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге бұл саяси іс-шараға қатысуға шақырып, пікір білдіруге мүмкіндік бергені үшін ризашылық білдірді.
«Бүгінгі саммиттің «Халықты бақытқа бастау – саяси партиялар жауапкершілігі» тақырыбы өте өзекті, ол мен басқаратын Nur Otan саяси партиясы жұмысының да негізгі мәнін көрсетеді. Биыл менің елімнің тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Басты саяси күш ретінде біз алғашқы күннен бастап партияның негізгі басымдықтарын айқындап алдық: халық пен тұтас қоғамның әл-ауқатын арттыра алмаса, партияның жеңістері мен жетістіктерінің құндылығы болмас еді», деді Елбасы.
Елбасы Қазақстанның тәуелсіздік жыл­дарындағы жетістіктеріне ерекше тоқталып, оған көбіне Nur Otan партия­сы­на отандастарымыздың тарапынан көр­сетілген сенім мен қолдаудың арқа­сында қол жеткенін атап өтті.
«Біз әлеуметтік бағдар ұстанған ел ретінде азаматтардың лайықты тұрмысы мен Қазақстанның жаңғыруын қамтамасыз ету жұмысын әрі қарай жалғастырамыз. Біздің мақсатымыз – 2050 жылы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы Қытай тарапы бастамашы болған саяси бірлестіктер деңгейіндегі көпжақты диалогке арналған жаңа тұғырнаманы дамыту туралы өз ойын ортаға салды.

«Covid-19 пандемиясы жаһандық сын-қатерлерді халықаралық әріптестік пен бір-бірімізді қолдау арқылы ғана тиімді еңсере алатынымызды тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл тұста саяси партиялар маңызды рөл атқара алады және атқаруы керек. Осы орайда халықаралық қатынастардың қазіргі моделі тең құқыққа, барлық тараптың дәстүрлерін, құндылықтары мен ерекшеліктерін құрметтеуге негізделуге тиіс екені анық», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Nur Otan партиясының Төрағасы қазір әлемнің барлық елдері арасында Covid-19-ға қарсы вакциналарды біркелкі және әділ тарату ісінде кооперациялық тәсілді пайдалану қажеттігін айтты.

Елбасы сондай-ақ саяси партиялардың жаһандық сын-қатерлерді барынша азайту және дамудағы теңсіздікті азай­ту ба­ғы­тындағы жұмысының маңыз­ды­лығын атап өтті.

«Әлемде біздің аудиторияның үні әлдеқайда айқын әрі қаттырақ естілгені жөн. Атап айтқанда, саяси партиялар гео­саяси шиеленісті еңсеруге үлес қосу үшін өзара ықпалдастықты арттыра түсуі керек деп санаймын», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөзінің соңында Елбасы Nur Otan партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы Қазақстан мен Қытай Халық Рес­публикасы арасындағы мәңгілік жан-жақ­ты стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосып жатқанын айтты.

Жиын барысында Қытай коммунистік партиясының жетекшісі Си Цзиньпин сөз сөйлеп, әлемдегі саяси партияларды адамдардың әл-ауқаты мен адамзат прогресі жолындағы жауапкершілікті өз мойнына алуға шақырды.

«Саяси партиялар адамзаттың ілгері­леуінің маңызды күші ретінде дұрыс бағытты белгілеп, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету және адамзаттың алға жылжуын қамтамасыз ету үшін өздерінің тарихи жауапкершіліктерін мойнына алуы керек», деді ол.

Сондай-ақ саяси партияларды адамзаттың ортақ болашағын қалып­тастыру жолымен бағыттап, адамзаттың ортақ құндылықтарын қолдау және насихаттау арқылы мәмілеге келуге шақыр-
ды.

«Біз бүкіл адамзаттың болашағы үшін жауапкершілікті сезіне отырып, жалпы, адамзаттық құндылықтарды жеңіп алуымыз керек, әртүрлі өркениеттер құн­дылықтарын түсінуге кең ауқымды төзім­ділікті тәрбиелеп, әртүрлі халықтардың ізденістерін құрметтеуіміз керек», деді Қытай басшысы.

Си Цзиньпин барлық елдің даму мүм­кіндігі мен құқығы бірдей екенін атап өтіп, саяси партиялардың байлықтың алшақтығы және дамудың бөлінуі сияқты үлкен проблемаларға толығымен қарсы тұруының маңызына тоқталды. Сондай-ақ дамымаған елдер мен аймақтарға және кедейленген адамдарға ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасауға үндеді.

Сонымен қатар жиын барысында «Единая Россия» партиясының Төр-
ағасы және Ресей Қауіпсіздік кеңесі Төр­ағасының орынбасары Дмитрий Мед­ведев сөз сөйледі. Ол өткен ғасырда Қытай коммунистік партиясы социализм жолынан сәтті өткенін алға тартты.

Д.Медведев өзара ынтымақтастық үне­мі дамып, Ресей мен Қытай екіжақты жә­не мемлекетаралық қатынастар шең­берінде ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Аргентина президенті, елдегі Әділет партиясының төрағасы Альберто Фер­нандес Си Цзиньпиннің баяндамасын жоғары бағалап, мағынасы терең екенін айтты. Оның айтуынша, Қытай басшысы саяси партияларға қандай жауапкершілікті алу керектігі туралы ойлауға көмектеспек. Бұдан бөлек, әлем елдерін ынтымақтастықты нығайтуға және бүкіл адамзатқа пайда әкелетін эко­но­микалық және әлеуметтік дамуға ық­пал етуге шақырды.

Пәкістандағы Техрик-ин-Инсаф пар­тиясының Төрағасы, Премьер-министр Имран Хан өз сөзінде саяси партиялар халыққа шын жүректен қызмет ете алса ғана халықтың қолдауына ие бола алатынына назар аударды.

Оның айтуынша, Қытай халыққа бағдарланған философияны қолданып, кедейлікпен тиімді күресе білді. Қытай­дың COVID-19 вакциналарын әлемдік қоғамдық игілікке бергені мейірімділік пен әділдікті көрсететінін жеткіз-
ді.

Испания Коммунистік партиясының Президенті Хосе Луис Сентелланың пайымдауынша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы уақыттың қажеттіліктерін қана­ғаттандырады. Бұл маңызды халық­аралық ынтымақтастық платформасы ғана емес, сонымен бірге әлемдік эконо­ми­каның қалпына келуіне үлкен мүмкін­дік бермек.

«Қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі сая­си партиялар адамзаттың ортақ бола­шағы бар қоғамдастық құруға белсенді қатысуы тиіс. Әлем алдында тұрған өзекті мәселелерді бірлесіп шешуіміз қажет», деді Сентелла.