«Пандемияға қарамастан Түркістан облысында құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жаңа, заманауи жобаларды іске асыру үшін инвесторларға аса қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Туризмнің барлық бағыты біз үшін үлкен басымдыққа ие. Қонақүй, ойын-сауық кешендері, туристерге қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химиялық өндіріс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы сынды бағыттарда сенімді серіктес болуға ашықпыз», деді Өмірзақ Шөкеев.
Сондай-ақ облыс әкімі ірі америкалық компаниялардың агроөнеркәсіптік сектордағы жобаларын жүзеге асырудың тиімділігін атап өтті. Түркістан өңірінің нарығына шыққан шетелдік компанияларының мүмкіндігіне тоқталды.
Өз кезегінде, У. Мозер инвестициялық ахуалды жақсарту тәсілдерін жоғары бағалап, америкалық тараптың ынтымақтастықты қолданыстағы форматта жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
«Кезінде Қазақстанның жаңа астанасының салынуының куәсі болған едім, енді міне, рухани астананың қарыштап дамуын көріп, керемет әсер алдым. Сол уақыттағы Астана осындай болатын. Түркістанның санаулы уақыттан кейін қандай болып өзгеретінін көз алдыма елестеттім. Туризм саласы инвесторларды қызықтырады деп ойлаймын. Жолда келе жатып, біздің технологияны Түркістан аумағында пайдаланатындарыңызды көрдім. Жаңбырлатып суару – өте тиімді әдіс, әсіресе, жергілікті климат үшін таптырмас тәсіл. Мұндайда ағаштардың көгеруінің қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Өте аз уақытта көп жұмыстар атқарылған екен», деді АҚШ елшісі.
Шетелдік делегация Түркістан өңірі мен облыс орталығының экономикалық даму бағытына оң баға беріп, аймақтың алдағы жылғы даму тұжырымдамасындағы бірқатар жобаларға, қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнеріне қызығушылық танытты.