Сенат Спикері соңғы жылдарда әлеуметтік кәсіпкерліктің экономикалық дамудағы рөлі артып, мемлекет тарапынан бұл саланы жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік – еліміздегі жаңа бағыттардың бірі. Оның болашағы зор. Бұл сала табыс табумен қатар, азаматтардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерліктің бұл түріне баса мән беріп келеді», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін заң әзірленіп, қабылданғанын тілге тиек етті. Айта кетсек, аталған құжат сенаторлардың бастамасымен даярланған.
«Бұл заңда алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлікке заңнамалық тұрғыдан түсінік берілген. Осы заң арқылы әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған нақты шаралар да анықталды. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер мен несиенің үстеме ақысын субсидиялау және жалдау құнын төлеу сияқты қаржылай қолдаулар қарастырылған. Мемлекет меншігіндегі ғимараттарды жеңілдікпен жалға беру мүмкіндігі де назарға алынды. Одан бөлек, мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін гранттар бөлінетін болады», деп түсіндірді Сенат Төрағасы.
Сапар барысында Сенат Спикері аграрлық бағытта табысты жұмыс істеп келе жатқан көп салалы «Байсерке-Агро» компаниясының жұмысымен танысты.
Шаруашылыққа арнайы келген Мәулен Әшімбаев компанияның Ғылыми-өндірістік оқыту орталығына ат басын бұрып, зерттеу жұмыстарына ерекше назар аударды. Агрохолдингтің демонстрациялық алқабы мен ауылшаруашылық техникаларының жұмысына да көңіл бөлді. Одан бөлек, Сенат Төрағасы агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми және техникалық жетістіктер көрмесімен, селекциялық жолмен асыл тұқымды мал алу жұмыстарымен және сүт, жылқы өнімдерін алудың роботтандырылған тәсілімен танысты.
«Президентіміздің бастамашы болуымен жер қатынастарына қатысты арнайы заң жобасы әзірленіп, қабылданды. Соған сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола нүкте қойылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, табысты жұмыс істеп жатыр. Комиссияның ұсыныстары нәтижесінде ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беруге мораторий ұзартылды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу құқығын сатуға мүмкіндік берілді. Бұл норма ауылшаруашылық жерлерін нарықтық айналымға енгізуге мүмкіндік береді», деді Мәулен Әшімбаев.
Елді алаңдатып отырған қуаңшылық пен мал шығыны мәселесі де назардан тыс қалмады.
«Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің соңғы отырысында мал шаруашылығына айтарлықтай салдарын тигізіп отырған қуаңшылық мәселесіне назар аударды. Қазіргі таңда бұл – бүкіл елді алаңдатып отырған проблема. Сондықтан тиісті Министрлік осы мәселені шешу үшін бар күш-жігерін жұмсауы керек. Бұл жолда жүйелі қадамдар қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жедел түрде ахуалдың салдарын талдап, жағдайды жан-жақты сараптап, мәселені шешу жолдарын ұсынуға тиіс», деп толықтырды Сенат Төрағасы.
Сенат Спикері кездесуге қатысқан Ауыл шаруашылығы вице-министріне бұл бағытта белсенділік таныту керектігін айтты.