Көкшетауда осындай атаумен аумақтық форум өтті
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу аясында “Достар” мәдениет сарайында өткізілген форумға соғыс ардагерлері, студенттер мен жастар, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты. Форум Даңқ мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою, соғыс ардагерлеріне ескерткіш сыйлықтар тапсыру құрметімен басталды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков құттықтау сөзін Елбасымыз Н.Назарбаевтың “Отанды сүю — өркениеттіліктің бірінші белгісі” деген өсиетімен бастады. “Бүгінгі форумның негізгі мақсаты рухани-мәдени және тарихи құндылықтарымызды одан әрі дамыту мен нығайтудағы жастар мойнындағы салмақты тағы бір салмақтау, деген ол қазақстандық патриотизмді, этностық қарым-қатынастар мәдениетін жандандыру, жаһандық процестер жағдайындағы ұрпақтар жалғастығы, қымбат рәміздеріміз бен тілімізді дамытуға құрмет сезімін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік мәселелерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, 213571 адамның басын құрап отырған ақмолалық жастар еліміздегі іргелі істерге ұйытқы болатындығы айтылды. Қазір өңір жастарының 58,2 пайызы ауылдық жерлерде тұратыны бұл пікірді нықтай түсетіні анық.
Ресми бөлімде Қазақстан жастар Конгресінің атқарушы директоры Н.Сыздықов, Ақмола облысы мұсылман әйелдері бірлестігінің төрайымы Р.Байкенова, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының мүшесі Т.Кондур, “Жігер” жас мемлекеттік қызметкерлер клубының мүшесі Г.Саухымова, Бурабайдағы кадет корпусының курсанты Д.Ушаков, “Жасыл ел” студенттік отрядының жасақшысы А.Есекеева және басқалар өздерін толғандырып жүрген ойларын ортаға салды.
Жалпы отырыстан кейін төрт тақырыптық бағыттағы пікір алмасу ұйымдастырылып, Қазақстан жастарына арналған Үндеу қабылданды.
Форумға қатысушылар “Менің Қазақстаным” атты концерттік бағдарламаны тамашалады.
Ақмола облысы.
“Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін” жалпыұлттық форумына қатысушылардың үндеуі
Жас қазақстандықтар!
Бүгінгі таңда елімізде жастардың өз қабілеттерін шыңдауға, шығармашылық әлеуеттерін ашуға, қандай да бір батыл бастамаларын жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған.
Біздер, “Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін” жалпыұлттық форумына қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстанды XXІ ғасырда одан әрі өркендетуге және оның халықаралық беделін нығайтуға бағытталған идеяларын іске асыруға дайын екенімізді мәлімдейміз.
Алдымызда тарихи маңызы зор оқиға – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы келе жатыр. Бұл айтулы белес біздің ұрпаққа үлкен жауапкершіліктер жүктейді.
Біз мемлекетіміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыру үшін жаңа ғасырдың жаңа технологияларын игеруге ұмтылуымыз керек.
Біз әлемнің озық елдерінің стандарттарына сәйкес жаңа білімдерді игеріп, алған білімімізді Қазақстанның жедел индустриялық-инновациялық дамуы үшін пайдалануға тиіспіз.
Біз мемлекеттік тілді одан әрі дамытуды, бай мәдени мұрамыз бен қазақ халқының және елімізде тұрып жатқан барлық этностардың салт-дәстүрлерін сақтауды жақтаймыз.
Біз еліміздің басты игіліктерін – этносаралық келісімді, татулық пен бірлікті сақтап, қорғайтын боламыз.
Біз жаңа идеяларды жүзеге асырып, әрдайым өміршең істердің бастауында тұратын боламыз.
Біздің жасампаздық еңбегіміз, шығармашылық күш-қайратымыз бен болашаққа сеніміміз тәуелсіз Қазақстанның дамуына бағытталатын болады!
Еліміздің жастарын біздің бастамаларымызды қолдауға және оларды іске асыруға белсене атсалысуға шақырамыз.
Барлық күш-жігерімізді бірлігімізді сақтауға және ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуіне жұмсайық!
Бақберген АМАЛБЕК.