Коронавирус • 09 Шілде, 2021

Жұқтырған жұрттың қатары қалың

134 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің барлық өңірінде «Дельта» штамның тарауы соңғы бір аптада ерекше өсім байқатты. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Жұқтырған жұрттың  қатары қалың

«Соңғы аптада «Дельта» шта­мының таралуы өткен аптаға қарағанда респуб­ли­каның бар­лық өңірінде өскен. Сырқаттану көрсеткішінің өсімі 1,9 есе болды. Өңір­лер­дегі төсектік орын қо­рын мони­то­рингілеу деректеріне сәйкес 8 шілдедегі жағдай бойынша жатын орындардың республика бойын­ша жүктелімі – 37 пайыз, реа­ни­мациялық төсектердің жүк­телімі – 32 пайыз», деді вице-министр.

Сонымен қатар ол Hayat Vax және CoronaVac вакци­на­ларының тапшылығы туралы пікір білдірді.

«Hayat Vax және Coro­naVac вакциналарын біз Қазақ­станға шектеулі көлеммен жет­кіз­генбіз. Ең басынан бастап партиялардың бәрін дәл орта­сынан бөліп жартысын бірін­ші компонентіне, жартысын екінші компонентіне сақтап отырмыз. Қазіргі кезде Hayat-Vax-тың бірінші компонентінің қалдығы 13 мыңдай. Қазақстан бойынша 486 мыңнан астам адам екпесін алды. Сол себептен екінші компоненттің вакциналары медициналық мекемелердің, ұйымдардың қоймаларында сақ­­таулы тұр. Hayat Vax және CoronaVac-тың бірінші компонентін алған азаматтар екінші екпесін сол мекемелерден ала алады. Біраз қалаларда расында да 486 мың адам алғандықтан вакцина бітейін деп қалды», деді вице-министр.

Сондай-ақ М.Шоранов атал­­ған вакциналардың қосым­ша пар­тиясын әкелу үшін келіс­сөздер жүріп жатқанын атап өтті.

«Жалпы, біз бұл вакцина­ларды бір мезгіл келісім­шартпен алып келгенбіз. Қазір келіссөз процесі жүріп жатыр. Шешімі зауыттың өнді­рістік көлеміне және келісім­шарттарына байланысты. Біз нақты мерзімін белгілеуге тырысамыз», деді министрдің бірінші орынбасары.

Денсаулық сақтау министр­лігінің таратқан мәліметіне сүйе­нсек, 8 шілдедегі ақпарат бойынша елімізде I компонентпен 4 020 128 адам вакцина салдырды, II компонентпен – 2 283 761 адам.

Шілде айының басынан бері елімізде 1 682 бала коронавирус жұқтырған. Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова осындай статистика келтірді.

«Балалар туралы айтсақ, қаңтар айынан бері 28 267 бала коронавируспен ауырған. Оның ішінде 54 жаңа туған нәресте бар. Шілденің 7 күнінде 1 682 баланың вирус жұқтырғаны тір­келді. Яғни шілденің ғана мәліметі бойынша балалар ара­сында сырқаттанудың үлесі арт­қанын айтуға болады. Бүгін­де балалар COVID-19-бен жыл басындағыдан жиірек, был­тыр­ғыдан әлдеқайда жиірек ауырып жатыр. Бірақ балалардың 84 пайызы ауруды жеңіл, симптомсыз формада өткеріп жатқанын айту керек. Ал 16 пайызы орта ауыр дәрежеде өткеруде», деді комитет басшысы.

А.Есмағамбетова балалар арасында вирус жұқтырудың жиілеуі ересектердің баяу вакцина алып жатқанымен тікелей байланысты екенін айтты.

«Шынымен де ересектер бала­ларға қажет ұжымдық иммунитет қалыптастыра алмады деп айтуға болады. Өйткені ұжымдық иммунитетке қажет 60 пайыздық үлес Қазақстан халқының ересектерінің санымен шамалас. 18-ге толмаған, вакцина алмайтын балалардың саны шамамен – 6 млн. Яғни, 60 пайыздық ұжымдық иммунитет қалыптастырып, балаларымызды қорғау үшін барлық ересектер екпе алуы керек. Өйткені балалар мен жүкті адамдарға екпе алуға болмайды. Осы санат біз үшін тәуекел тобы болып отыр. Яғни ересектер вакцина алу арқылы екпе алуға болмайтын адамдарды аурудан қорғауы керек», деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы.