Спорт • 09 Шілде, 2021

Англия – тұңғыш рет финалда

239 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Еуропа чемпио­натының екінші жартылай финал ойыны аяқталып, финалға шыққан екі ұжым белгілі болды. «Уэмблиде» өткен екінші ½ финал бәсе­кесінде Англия мен Дания құрамалары өзара кім мықтыны анықтады. 120 минутқа созылған кездесуде алаң иелері үстемдік танытып, өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының финалына жолдама алды. Ағылшындардың бұған дейін Еуропа біріншіліктеріндегі ең ірі жетістігі жартылай финал болатын.

Англия – тұңғыш рет финалда

Топтық кезеңдегі ал­ғашқы екі ойында Фин­ляндия (1:0) мен Бельгиядан (2:1) жеңіліп, сәтсіздікке ұшыраған Дания соңғы тур­дағы ірі жеңісінің арқа­сында (Ресей – 4:1) биылғы Еуроның жартылай финалына дейін жетті. Плей-офф пен ширек финалда Уэльс (4:0) пен Че­хияны (2:1) жеңіп, ½ финалда Англиямен күш сынасты.

Ал ағылшындар топтық кезеңде екі жеңіс, бір тең ойынға қол жеткізіп, 7 ұпай­мен өз квартетінде бі­рінші орынмен келесі ке­зеңге жолдама алған-ды. Бір қызығы, Англия осы 3 ойында бар-жоғы екі-ақ гол соғып, үздік нәтижеге қол жеткізген Еуропадағы санаулы құрамалардың бірі болды. Ал плей-оффта Германия қақпасына екі гол соқса, ширек финал­да Украи­наға жауапсыз 4 гол салды. Сөйтіп бри­таниялықтар қарсылас қақ­пасына 8 гол салып, өздері бірде-бір гол өткізбей жартылай финалға жетті.

Тек жартылай финалға келген кезде ғана осы турнирдегі бірінші голын өт­­кізіп алды. Лондонда өт­кен кездесудің 30-минутында Да­ния футболшы­сы Миккель Дамсгор Джор­дан Пикфорд қор­ғаған Ан­глия қақпасына супер­гол соғып, есепті ашты. Бірақ 1992 жылғы Еуропа чем­пиондарының қуанышы ұзаққа созылмады. 39-минутта қорғаушы Симон Кьер өз қақпасына гол со­ғып алып, таразы басы қай­та теңесті. Бұл – биылғы чем­пионаттағы 11-ші авто­гол болды. Бұған дейін Войцех Щенсны (Поль­ша), Матс Хуммельс (Гер­­мания), Ме­рих Демирал (Түркия), Лукаш Гра­децки (Финляндия), Рубен Диаш және Рафаэл Геррейру (екеуі де – Португалия), Юрай Куцка және Мар­тин Дубравка (екеуі де – Сло­вакия), Педри (Ис­па­ния) және Денис Зака­рия (Швейцария) өз қақ­па­ларына гол соғып алған бо­­ла­тын. Осы жерде еске сала кететін бір жайт, бұған дейінгі барлық чемпионат­та бар-жоғы 9 автогол тір­келген еді.

Кездесудің екінші бөлігі Ан­глия футболшыларының ба­сым­­дығымен өткенімен, Дания құрамасы қарсы­ласта­ры­на гол соғуға мүм­кіндік бер­ме­ді. Сөй­тіп екін­ші тайм да тең есеп­пен аяқталып, кездесу экс­тра­таймдарға ұласты.

Экстра-таймның 104-минутында Дания футболшылары өз айып алаңында Рахим Стер­лингке қарсы ойын тәртібін бұзып, бас тө­реші Данни Маккели 11 метрлік айып добын бел­гіледі. Пенальтиді Ан­глия құрамасының капи­таны және сұрмергені Харри Кейн орындады. Негізі Дания қақпашысы Шмей­хель Кейннің соққысын алғашында қайтарған болатын, алайда қақпашыдан қайтқан допқа бірінші жеткен Харри екінші мүм­кіндігінде мүлт кетпеді.

Маккелидің Дания қақ­пасына белгілеген пенальтиі футбол сарапшылары мен жанкүйерлері арасында дау туғызуда. Олардың айтуын­ша, Нидерланд төрешісі әді­летсіз шешім қабылдаған. Не­гізі бұл жерде басты сұ­­рақ ала­ңдағы төрешіге емес, ВАР жүйесінде отыр­ған бас төрешінің видео­ассистенті Полу ван Буке­луге қойылуы керек. Өйт­кені бейнеқайталауды жан-жақты ракурстан көрген Букелу Маккелиге ойын тәр­тібі бұзылғанын айтып, пенальти белгілеуін сұ­ра­ған. Егер видеоассис­тент бұл жағ­дайға күмәнмен қа­рағанда, бар шешімді бас төре­шіге қалдыру керек еді.

Қалай болғанда да, Ан­глия құрамасы Еуропа чемпио­на­ты­ның финалына жолдама алды. Енді 11 шілде күні «Уэмб­ли­де» Ита­лия мен Англия би­ылғы құр­лық біріншілігінің бас жүл­десін сарапқа салады.