Виртуалды тур ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығы мен елорда әкімдігінің қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және қауымдастықтың 20 жылдық мерейтойына орай әзірленді.
Елбасы Кітапханасының Музейі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Резиденциясының ғимаратында орналасқан, онда ол 1997-2004 жылдар аралығында елорда Алматыдан Астанаға көшкеннен кейін жұмыс істеген.
Елбасының кабинеті, қабылдау бөлмесі мен мәжіліс залдары сол жылдардағы жұмыс күндерінің атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кітапхана музейінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін ашып көрсететін бірегей экспонаттар ұсынылған.
Дербес кітапхана қорының негізін Елбасының Қазақстан Республикасында және шетелде шығарылған кітаптары мен оның авторлық туындылары; авторлардың бірінші Президентке берген кітаптары мен басқа да баспа басылымдары; сирек кездесетін, коллекциялық және сыйлық басылымдары; биобиблиографиялық және библиографиялық көрсеткіштер мен электрондық басылымдар құрайды.
Кітапхананың әрбір бөлімі кезең-кезеңімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тұлғасының ауқымын, Елбасының ұлттық және әлемдік тарихтағы ерекше рөлін ашып көрсетеді. Бірегей тарихи құжаттар, архивтік фото және бейнематериалдар, жеке құжаттардың көшірмелері, Елбасы кітапханасының музей, кітапхана және архив қорларының газеттік жарияланымдары мен экспонаттары тәуелсіз Қазақстан тарихының аса маңызды оқиғаларының атмосферасына енуге мүмкіндік береді.
Жоба бетінде пайдаланушы дисплей қораптарын «қарап», камера бейнесі бар белгішелерді басу арқылы орталықты виртуалды түрде зерттей алады. Экранда қысқаша анықтамалары бар фотосуреттер пайда болады — оларды слайд секіллі айналдырып көруге болады.