Бұдан екі-үш ай бұрын “Нұр Отан”ХДП Ақтөбе облыстық филиалы “Жас Отан” жастар қанатының белсенді мүшелері елімізде бірінші рет “Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі” марафон-эстафетасын өткізуге бастама көтерген болатын.Бұл бағалы бастама “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы, облыс басшылығы, облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан қолдау тауып, ұйымдастыру жұмыстары басталып кеткен-ді. Облыс әкімдігінде студенттік құрылыс және “Жасыл ел” жасақтарына, оқушы жастардың “Ауылдың өркендеуі Қазақстанның өркендеуі” марафон-эстафетасына қатысушылардың облыстық слеті өткізілді. Слетке облыс басшылары, Ақтөбе қалалық және аудандық штабтардың бастықтары, “Нұр Отан” “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері, марафон-эстафетаға қатысатын оқушы жастар, студенттік құрылыс және “Жасыл ел” жасақтарының командирлері, құрылыс мекемелерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар мен ардагерлер ұйымдарының, ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Олардың арасында 300 жасақтың командирлері бар. Олар осы марафон-эстафетаға қатысушылардың жұмысын ұйымдастырады, атқарылатын шаруаларға мұрындық болады.
Слетті кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова бұл акцияға облыс бойынша 50 мың жас қатысатынын, мұндай бағалы бастаманың жастардың бойында еңбекқорлық қабілетті қалыптастырып қана қоймай, отансүйгіштік, елжандылық қасиетті де орнықтыратынын жеткізді. Елді мекендерді көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары басталғанын, алғашқы күндері әр отбасы өз үйінің маңына ата-әжесі, ата-анасы, балалары-немерелері үшін үш түп көшеттен отырғызуға ұйытқы болуы қажеттігін айтты. Сонда облыс бойынша 300 мың түп көшет отырғызылады екен.
Слетте облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин сөйлеп, жастарға облыс әкімдігі тарапынан жасалып отырған қолдау-көмекке тоқталды. Биыл студенттік құрылыс, “Жасыл ел” жасақтарына және аталған марафон-эстафетада үздік еңбек еткен ұжымдар мен жастарды марапаттауға облыс әкімдігі 50 автомобиль мен 1000 ноутбук бөліп отырғанын жастарды қолдаудың нақты мысалы ретінде келтірді. Елді мекендерді тазартуға, көшеттер егіп, абаттандыру жұмыстарын тиянақты да тындырымды атқаруға қолайлы жағдай жасалған. Бюджеттен осы шараларға 500 млн. қаржы қаралған. Жастарға киімдер беріліп, олар тегін тамақтандырылатын болады. Бұл бағалы бастаманың қайтарымды болатынына да күмән жоқ, деді А.Мырзалин.
Ақтөбе политехникалық колледжінің оқушысы Парасат Аққалиев студенттік құрылыс отрядында бірнеше жыл жұмыс істеп, еңбектің дәмін татып қалған жас екен. Ол өткен жылы еселі еңбегі үшін облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолынан жеңіл автокөліктің кілтін алыпты. Маңдай терлетіп еңбек етудің еленбей қалмайтынын тілге тиек еткен ол жастық жалынмен жұмыс істеудің тиімділігіне тоқталды. Мұғалжарлық Марат Зиядинов ауыл жастары 42 елді мекенді абаттандыруға атсалысатынынан хабардар етті. Ал Қобда ауданы Жиренқопа орта мектебі директорының орынбасары Сұлушаш Құттыбаева өзінің туған ауылын, өскен ауласын өз қолымен көріктендіріп, көгалдандырған баланың әсемдікті бағалай білетінін жеткізді.
Слетке қатысушылар марафон-эстафетаны табысты өткізуге, ел дамуына өзіндік үлес қосуға жұмыла атсалысу үшін облыс жастарына арнап үндеу қабылдады. Салтанатты шарадан кейін жастар қаланың көрікті жерлерін тамашалады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.