Қазақстан • 11 Шілде, 2021

Мал азығын дайындау маңызды

1081 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл еліміздің өзге өңірлері сияқты, Жамбыл облысында да шөп бағасы шарықтап, мал азығының қымбатшылығы қос бүйірден қысып тұр. Сонымен қатар шөптің тапшылығы да көптеген шаруашылықтың негізгі мәселесіне айналып отыр. Шынында да бүгінде аймақта мал азығы қымбат әрі тапшы. Дегенмен бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар да атқарылуда.

Мал азығын дайындау маңызды

Мәселен, жуырда ғана облыстағы ең шалғай аудандардың бірі Мойынқұмда қуаңшылықтың салдарынан мал қыры­лып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Қайнаған құмның ортасындағы ауданда шөп жоқ деген әңгіме шыққан. Бірақ Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Ержан Әмірхановтың айтуынша, шөп шабу науқанының басталғанына екі апта болыпты. «Аудан бойынша 24 мың гектар шабындық жер бар. Осы алқаптардан 132 мың пішендеме дайындау қажет болса, бүгінде оның 57 мың тоннасы дайындалды. Одан бөлек, 2700 гектар жоңышқа алқабының бірінші орымынан 10 800 тонна түсім түсті. Екінші және үшінші орымның әрбірінен 12-15 мың тонна жоңышқа орамыз деп ойлаймыз», дейді ол.

Жалпы, Мойынқұм ауданында мал қырылмаса да, биыл шөп тапшы деуге негіз бар. Себебі жыл сайын өзге облыстармен қатар, өңірдің бірқатар ауданы да Мойынқұмнан шөп орып әкетеді. Аудан орталығы Мойынқұм ауылынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан шабындықты аралау барысында Алматы облысынан және өзіміздің Байзақ ауданынан келген шөпшілерді де кездестірдік. Мәселен, Байзақ ауданының Айманбет ауылынан келген шөпшілер мұндағы Қарабөгет ауылдық округіндегі «Сейфулла» шаруа қожалығының 500 гектар жерінен шөп орып алуды мақсат етіпті. Егер бос жатқан шабындық жер болса, екі аудан аралығындағы келісім бойынша оның шөбі тегін беріледі екен. Ал бұл жер қожалық иесінікі болса, оны өзге ауданның шөп шабушылары орып, тайлаған шөбінің белгілі бір пайызын жердің иесіне тастап кетеді. Сондай-ақ Мойынқұм, Қылышбай, Қарабөгет сияқты бірқатар ауылдық округ­тегі шаруа қожалығы иелігіндегі шабындықтарында да жағдай осындай. Ал Ақкөл жайлауынан шөп дайындап жүрген «Үркер» шаруа қожалығының жалпы 5 578 гектар шабындығы бар екен. «Біздегі шаруа қожалықта 2 мың уақ мал, 300 бас мүйізді ірі қара, 100-ден астам жылқы бар. Табиғи және жоңышқаны қосқанда барлығы 7 мың тонна шөп дайындауымыз керек. Бұл өз малымның қысқы азығы болса, одан бөлек Жамбыл ауылдық округі тұрғындарының тарапынан 1500 орама шөпке тапсырыс түсті. Қордай ауданынан түскен тапсырыс көлемі 5 мың дана орама шөпті құрады. Оның ішінде 3 мың орама шөп Қордайдағы «Медет» шаруа қожалығына тиесілі. Қазіргі таңда Ақкөл жайлауындағы шабындықтан 4 мың дана орама шөп дайындадық. Бұдан бөлек, екінші бригада Басқарабас жайлауындағы шабындықтан 2 мың дана орама шөп жинады. Сонда барлығын қосқанда 6 мың дана орама шөп дайындадық», дейді «Үркер» шаруа қожалығының төрағасы Шаймерден Исабеков.

Жалпы, мұндағы шөп ору науқанында екі бригаданы қосқанда 25 адам еңбек етуде. Еңбек етушілердің дені механизаторлар. Сондай-ақ бұл жерде шөп науқанына 6-7 «Беларус-80» тракторы жұмылдырылған. Оның екеуі шөп орумен, екеуі тырмалаумен, біреуі шөп тайлап, тағы бірі артумен айналысуда. Қалғаны шөпті маяға тасып жинайды.

Қазіргі кезде бір орама шөптің бағасы алқап басында 3 мың теңгеден саудалануда. Ал шөпті жеткізіп, жинап беру қызметін қосқанда бір орама шөптің құны 3500 теңгеден айналады. Бұл баға жылдағымен салыстырғанда едәуір қымбат болғанымен, таңның атысы, кештің батысы тынымсыз еңбек етіп жүрген адамдардың еңбегі ерен деуге болады. Мәселен, орылған шөпті тайлау­мен айналысатын механизаторлар ай сайын шамамен 200 мың теңгеге дейін табыс табады екен. Алайда қарғаның миы қайнайтын дерліктей 40 градус аптап ыстықта шөп орып, оны жинап жүрген жұмысшылардың да еңбегі еңбек-ақ. Бүгінде шөп бағасы жылдағыдан қымбат болғанымен, шаруалар күні-түні тыным көрмей, есебін тауып шөп жинауда. Мойынқұм аудандық ветеринария стансасының директоры Ернұр Амандықұлы ауданда шөптің шығымы жаман емес екенін айтты. «Бір айта кетер жайт, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде «Мойынқұм ауданында қуаңшылықтың салдарынан мал қырылып жатыр» деген қауесет тарады. Бұл ақпарат ешқандай шындыққа жанаспайды. Ауданда 58 мың мүйізді ірі-қара мен 180 мыңға жуық уақ мал, 10 мыңға жуық жылқы мен 1 100 түйе бар. Аталған төрт түліктен шашау шыққан жоқ. Тек жыл басынан бері бруцеллез ауруынан және малдың өкпеге ұшырауы, жасы келуі және басқа да жағдайға байланысты 31 сиыр мен 98 уақ мал өлді. Оның барлығы да санитарлық талапқа сай сойылды. Жалпы айтқанда ауданда экзотикалық жағдай тұрақты әрі табиғи шөптің қоры да жеткілікті. Тіпті өзге ауданды да пішендемемен қамтуға әлеуетіміз жетеді. Қазір Шу өзенінің сағасы құраққа тұнып тұр. Оны шаруалар орып, жинау үстінде», дейді ол.

Негізінен биыл шөп қымбат болса да, «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, шаруалар ала жаздай жарғақ құлағы жастыққа тимей мал азығын дайындап жүр. Тіпті, кейбір ауылдарда көпшілік үшін шабындық жер де ортақ екен. Талас ауданында да бұл күнде тиісті мал азығы дайындалуда. Мәселен, кезінде асылтұқымды қаракөл қойын өсірумен атағы шыққан Кеңес кеңшарының тұрғындары сол кезеңде төрт түлігіне қысқы мал азығын Талас өзенінің сағасындағы шабындықтан дайындаған екен. Кеңшар тарағаннан кейін кейбір ауыл тұрғындары ұжымға біріксе, кейбірі өз алдына жеке шаруа қожалығын құрып, дала төсін төрт түлікке толтырған. Осындағы «Дүкенбай» шаруа қожалығына тиесілі аумағы 370 гектар шабындыққа шалғы түскеніне көп болмапты. Қожалық төрағасы Рәсілбек Биғожаевтың айтуынша, ұжым құрамындағы әр отбасы өз малын жеке-жеке баққанымен, шабындық ортақ. «Шөп ору науқанына екі орақ, екі шөп тайлағыш, екі жүк артқыш, екі «КамАЗ» жүк көлігі жұмылдырылуда. Күніне 15-20 гектар жер орылады. Жалпы, бұл жерден шамамен 30-40 мың түк шөп шығады деген үміттеміз. Ұжым мүшелеріне әр түкті 230 теңгеден таратсақ, өзгелерге мал азы­ғын нарықтағы баға бойын­ша сату жоспарда бар. Қазірдің өзінде Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарының шаруа қожалықтарынан тапсырыстар түсуде. Бірақ біз өзімізді қажетті қысқы мал азығымен толық қамтымай тұрып өзге­лерге шөп сатпаймыз. Себебі былтыр шөп тапшылығы біздің де жанымызға батқан», дейді ол. Сол сияқты, Ойық ауылындағы «Орыс сәтек» шаруа қожа­лығының еңбеккерлері де өздеріне тиесілі 239 гектар алқаптан қысқы мал азығын дайындау үстінде екен. Мұнда бір орама шөптің құны 2 мың теңгеден айналуда. Ал Талас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың айтуынша, аудан бойынша биыл 18 295 гектар шабындық пен 5 565 гектар жоңышқа орылуы тиіс. Бүгінде барлығы 23 860 гектар алқаптың 12 мың 600 гектарына шалғы түскен. Әзірге жиналған шөп қоры – 54 мың тонна. Негізі ауданда 145 700 тонна шөп дайындау жоспарланған екен. Кейбір шаруашылықтар Жуалы, Жам­был, Байзақ және Мойынқұм аудан­дары­ның шабындық жерінен мал азығын дайындауда.

Мал азығы қазіргі кезде өңірдегі күрделі мәселенің бірі болып отыр. Шөп тапшы, табылса да былтырғыдан қымбат. Дегенмен шаруалар шама-шарқынша шөп жинауда. Жалпы алғанда, Жамбыл өңірі қысқы маусымға дайын ба? Қажетті шөптің қанша тоннасы жиналды? Бұл ретте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов өңірде қысқы мал азығы үшін 1 млн 700 мың тоннадан астам шөп қажет екенін жеткізді. Шаруалардың уақытпен санас­пай еңбек етуінің нәтижесінде бүгінде 850 мың тонна табиғи шөп дайындалыпты. Орылуы тиіс 122 мың алқаптың 65 мың гектарының шөбі жиналыпты. Енді қалғанын алдағы уақыт көрсетеді.

 

Жамбыл облысы