Әлем • 11 Шілде, 2021

Импичмент жариялауды қолдайды

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенбіде жарияланған сауалдамаға сәйкес бразилиялықтардың көпшілігі Джейр Болсонароға импичмент жариялауды қолдайтыны мәлім болды. Өйткені елдің оңшыл прези­дентіне сыбайлас жемқорлық туралы айыптауларға және коронавирустық дағдарысқа қарсы күреске байланысты қысым арта түскен.

Импичмент жариялауды қолдайды

Datafolha сауалдамасы көр­сеткендей, бразилия­лық­тар­дың 54 пайызы Бразилияның төменгі палатасы ұсынған Бол­сонароға қарсы импичмент жариялауды қолдайды.

Джон Хопкинс универси­тетінің мәліметінше, COVID-19 вирусын «кішігірім тұмау» деп қабылдаған скептик Болсонаро бірнеше ай бойы қоғамдық қы­сымға, соның ішінде, бірнеше ірі наразылық пен Сенаттың тер­геуіне тап болды. Мұндай әре­кетке пандемияның Бразилияны күйретіп, вирустың 531 000-нан астам кісінің өмірін жалмауы себеп болды.

Жақында болған бірқатар жан­жал, соның ішінде ел Үкіметі коронавирусқа қарсы вакцина сатып алу кезінде жіберген құқық бұ­зушылықтар және сыбайлас жем­қорлыққа қатысты айыптау президентке деген сенімді азайтты.

Өткен айда федералдық тер­геушілер Үндістанның Bharat Biotech, Covaxin компаниясы шы­ғарған COVID-19-ға қарсы вак­цинасының 20 миллион дозасын сатып алуға қатысты 1,6 миллиард реал (320 миллион АҚШ доллары) тұратын мем­лекеттік келісімшартты тексеру жұ­мыс­ын бастағанын мәлімдеді.

Бас прокуратура (PGR) Pfizer Inc және Johnson&Johnson-мен ұқсас мәмілелер жүргізілгенге дейін ақпан айында қол қойыл­ған Bharat компаниясымен келі­сімшартқа күмәнмен қарайды. Өйткені үндістандық компания салыстырмалы түрде жоғары ба­ғалар ұсынып, келіссөздер мен реттеуші органдардың мақұлдауы тым жедел өткен.

Болсонаро «Денсаулық сақтау министрлігінде үлкен сыбайлас жемқорлық схемасы бар деп хабарланғаннан кейін ешқандай әрекет жасамады» деген айыппен келіспей, бұл пікірді жоққа шығарды.

Сенбіде радиоға берген сұх­батында Болсонаро шенеуніктер Covaxin-мен мәмілеге келу туралы алаңдаушылықтарын бөліскеннен кейін шара қолданғанын айтты, бірақ ол нақты қандай тапсырма бергенін егжей-тегжейлі айтпады.

«Мен ай сайын көптеген тақы­рып бойынша түрлі оймен келетін 100 адаммен кезде­семін. Мен бұл жағдайда шаралар қа­былдадым»,  деді ол Бразилияның оңтүстігіндегі Gaucha радиосына.

Өткен аптада Болсонаро феде­ралдық депутат ретінде көмек­шілерінің жалақысын қысқартуға бағытталған схемаға қатысты деп те айыпталды.

Бұрынғы келіні Болсонароның ұжымдасқан бопсалаушылар тобы арасындағы рөлін түсіндіретін аудиожазбалары бар деп айтқан кезде Бразилияның UOL веб-сай­ты сол топқа жақын адамдарды қызметкерлер ретінде жалдау, содан кейін олардан мемлекеттік жала­қыны қысқарту схемасы қол­данылатыны туралы хабар таратты.

Жанжалдар келесі жылы өтетін президенттік сайлауға дейін де жалғасуы мүмкін деген күдік бар. Өйткені өткен демалыс күндері Бразилияда мыңдаған адам наразылық білдіріп, оның отставкаға кетуін талап етті.

Сонымен бірге, бразилия­лықтар президенттік сайлау үшін сайлау учаскелеріне барғанда қазіргі президент солшылдардың бұрынғы жетекшісі Луис Инасио Лула да Силваның да қысымына тап болады деп күтіледі.

Бейсенбіде жарияланған Datafolha өткізген жеке сауал­дамада бразилиялықтардың 51 пайызы Болсонароны қол­дамайтынын айтты. Бұл Бол­сонаро 2019 жыл­дың қаңтарында қыз­метке кі­ріскеннен бергі ха­лық­тың ең жоғары теріс пікірі бо­лып отыр.