Әлем • 11 Шілде, 2021

Шекарадан ши шықты

596 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шілде айы Орталық Азия елдері үшін тыныш басталған жоқ. Әсіресе, шекарадан ши шығып, аймақ күрделі ахуалға тап келді. Біріншіден, Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында қақтығыс болып, бір сарбаз қаза тапты. Екіншіден, Ауғанстандағы жағдай күрделене түсіп, көршілес жатқан Орталық Азия елдерін алаңдатып отыр.

Шекарадан ши шықты

Тәжік-қырғыз шекарасын­дағы кезекті қақтығыс салдарынан 27 жастағы қырғыз шекара­шысы Хуснидин Хожиев қаза тапты. Баткен облысының бас­­­шысы шекаралас Соғды өңі­­рінің басшылығымен телефон арқылы сөйлесіп, тұт­қын­ға түсіп қалған қырғыз прапорщигі З.Ума­ровты қай­тару мәселесін тал­қылаған. Нә­ти­жесінде, тәжік тарапы ше­­карашының де­несін, тұтқын болған сарбаз бен үш қыз­мет­тік жылқыны әбзел­дерімен қай­тарып берген.

Қырғыз тарапының мәлі­метіне сүйенсек, Лейлек ауда­ны­ның Наумин асуының ма­ңында қызметтік міндеттерін атқарып жүрген атты шекарашылар тәжік сарбаздарының күтпеген шабуылына тап болған. Тәжіктер жа­­ғы мұны жоққа шығарып отыр. Олар Соғды облысының Деваштич ауданының Росровут ауылына әскери және азаматтық киім киген қырғыз шекарашылары елді мекен тұрғындарының 9 жылқысын заңсыз айдап әкет­пекші болған деген уәжді алға тартады.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары тәжік тарапынан да қайтыс болған шекарашылар болуы мүмкін екенін айтып отыр. Алайда ресми Душанбе бұған қатысты ақпарат таратқан жоқ.

Жалпы, кейінгі кезде жиі тал­қыланып жатқан қырғыз-тә­жік шекарасының ұзындығы 970-980 шақырым. Қазіргі кезге дейін 519 шақырым бөлігі ғана демаркацияланған. Биылғы дау-жанжалдан соң қырғыз пре­­зиденті Садыр Жапаровтың Ду­­шан­беге сапары барысында тағы да 32 шақырым шекараның түйіні шешіліп, нақтыланған. Әлі де екі ел арасындағы шекара дауы толық шешілуі үшін қал­ған 419-429 шақырымның мә­се­лесі толық қаралуы тиіс. Бұл мәселеге қырғыз-өзбек шека­ра­сындағы түйткілді проблемалар мен анклавтарды қосқанда қыр­ғыз-өзбек-тәжік шекарасына қатысты шешілуі тиіс біршама жұмыс тұрғаны анық.

Дәл осы уақытта Түрік­мен­­­стан ауған елімен шекара­лас Серхетабад қаласына әс­кер­лері мен ауыр техникала­рын шоғырландыра бастады. Ма­ры уәлаятындағы түрікмен офи­церлері соғыс жағдайы болып кетер деген қауіппен от­басыларын елдің ішкі айма­ғындағы туыс­тарына жаппай жіберуге кі­рісті. Себебі тү­рікмен еліне соң­ғы күн­дері жаппай атыс пен жарылыс дауыстары жиі ес­тіле бастаған. Одан бөлек, «ауған­дық» деп аталатын құр­ғақ жел тұрып, әскерилер әуеге авиация ұшырудан қал­ған. «Талибан» қозғалысы өкіл­дерінің екі күнге созылған Мәс­кеу сапарының барысында олар өз елдеріндегі соғыс салдарын Орталық Азия елдеріне жет­кізбеуге уәде еткен.

Серхетабад (бұрынғы Куш­ка) қаласынан оңтүстікте ор­на­ласқан Полтавка ауы­лы­ның тұрғындары ұрыс қимыл­да­ры­ның жаңғырықтарын есті­ген. Кей дереккөздерге сүйенсек, әзір­­­ге қорқатын жағдай жоқ.

Түрікмен тарапы осылайша шекара маңына әскер жинап жатқан тұста талибандар тә­­жік­термен шектесетін Пяндж өзе­ніндегі көпірде орналасқан бекетке өз жалауларын тіккен. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйы­мының біріккен штаб бас­тығы генерал-полковник Ана­толий Сидоровтың мәліме­тінше, талибан қозғалысы бү­гінде Тә­жікстанмен шекараны жүз пайызға жуық өз бақы­лауына алған.

Өңірдегі ахуалдың осылай өзгеруіне байланысты Ауған­станмен шекаралас елдер қам­дана бастады. Мәселен, Тәжік­стан президенті 5 маусым күні елдің Қауіпсіздік кеңесінің оты­­рысында Қорғаныс минис­тр­лігіне тапсырма берді. Ховар агент­­­­тігінің хабарлауынша, ше­­­­­карадағы жағдайдың шие­­­ленісуіне байланысты Қа­уіп­сіздік кеңесінің отырысын­да шекаралас аудандарда қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мен мем­­­лекеттік шекараны нығайту мә­­селесі талқыланған.

«Ауғанстан мен Тәжікстан арасындағы шекарадағы саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты ел президенті Эмо­мали Рахмон Тәжікстанның Қа­­уіпсіздік кеңесінің мүшелері мен күш құрылымдарының бас­шыларына мемлекеттің қа­уіпсіздігі мен Ауғанстан және Тәжікстан шекарасында қа­уіпсіздікті нығайту бойынша нақ­ты шараларды қабылдауды тапсырды», дейді агенттік.

Ховар таратқан мәліметке сүйенсек, ел президенті мем­лекеттік шекараны қорғау үшін елдің шекараны қорғау әлеуе­тін арттырып, қажетті аймақ­тарға қосымша әскери күштер жіберуді тапсырған. Соған бай­­ланысты Тәжікстан мен Ауған­стан арасындағы шекараны нығайту үшін 20 мың адам әс­керге шақырылмақ.

Айтпақшы, Ташкентте Орта­лық және Оңтүстік Азия елде­рінің конференциясы өтпек. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен 15-16 шілдеде Ташкентте «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Тәуекелдер мен мүмкіндіктер» тақырыбында ха­лықаралық конференция ұйым­дастырылмақ.

Ауғанстаннан АҚШ әскері шы­ғысымен белсенділік танытып, үкіметтік күштерден ба­сым түсіп жатқан талибан қоз­ғалысының белсенділігі арт­қан тұста Әмудария арқылы ресми Кабулмен шектесетін көр­шілес өзбек билігінің осындай ауқымда іс-шара өткізуі заңды секілді. Себебі Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, халықаралық конференцияға Ауғанстанның мемлекет басшысы мен Пәкістан Ислам Рес­публикасының премьер-минис­трі қатысуы мүмкін. Одан бөлек, бұл іс-шараға Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің сыртқы істер министрлері де ша­қырылған.

Екі аймақтың өзара ық­пал­­­дастығы мен байланысы­на негізделген екі күндік кон­фе­рен­цияда талқыланар негізгі та­қырыптардың бірі – қа­уіп­сіз­дік пен тұрақтылықты қам­­та­масыз ету. Бүгінгі таңда Оң­түстік Азия елдеріне 8 мем­ле­кет кіреді және жалпы халық саны

1 миллиард 700 миллионға жуық. Ше­­каралық шиеленістері ше­шілмеген Үндістен мен Пә­кіс­танның арасындағы Каш­мир бұл аймақтағы ыстық нүктенің бірі болса, жүздеген жылдардан бері азаматтық соғысты бастан кешіп отырған Ауғанстан тек қана Оңтүстік қана емес, Орталық Азияның да бас ауруына айналуы мүмкін. 5 мемлекет пен 70 миллионға жуық халқы бар Ор­талық Азияның 3 мемлекеті Ауған­­станмен шектесіп жатыр. Сондықтан да көршілес өз­­бек елінде өтетін конференция ба­ры­сында ауған тақырыбы пле­нар­­лық және секциялық тал­қы­лау­дың айналасында шектелмей, кеңінен талқыланады деп сенеміз.

Қазіргі кезде Ауғанстанның 40 пайызын басып алған талибан қозғалысы ел аумағын тү­гел алса, Оңтүстік Азиядан бө­­лек, Орталық Азияда мигранттар дағдарысы, сондай-ақ теріс ба­ғыттағы түрлі діни ағымдардың белең алуы мүмкін дейді сарап­шылар. Жуырда ғана АҚШ би­лігі Орталық Азияның үш елі – Қазақстан, Өзбекстан мен Тә­­жікстаннан 9 мыңға жуық ауған­дық босқынды уақытша паналата тұруды өтінді. АҚШ әскерінің биылғы жылдың қыр­күйек айына дейін ауған жерінен толық шығатынын ескер­сек, бұл көрсеткіш әлі де өсе түсуі ықтимал. Оған шілде айы­ның басынан бері шекара бойындағы талибан әскерімен болған тайталаста шыдай алмай тәжік жеріне өтіп кеткен 1500-ге жуық ауған шекарашыларын қоссаңыз, алдағы уақытта Оңтүстік Азия мен Орталық Азия көші-қон дағдарысына қатар түсуі мүмкін.

Сондықтан да алдағы аптада Ташкентте өтетін Оңтүстік және Орталық Азия елдерінің байланысына арналған саммит аймақ үшін маңызды. Қорыта айтқанда, Орталық Азиядағы би­ылғы жаз екі мағынасында да ыстық болмақ.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

журналист