Тимур Дәндібаев Қазақстан Қарулы Күштерінде жауынгерлік дайындыққа ерекше назар аударылатынын, ол – үздіксіз процесс екенін атап өтті. Бұл мамандық бойынша даярлаудан басталып, әскери қызметшілердің өз дағдыларын тек ел аумағында өтетін ауқымды оқу-жаттығуларда ғана емес, сондай-ақ таяу және алыс шет мемлекеттер қарулы күштері өкілдерімен бірлескен іс-шараларда да шыңдауымен аяқталады.
– Екіжақты форматта жақын және алыс шетел қарулы күштерінің – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Түркия, Италия, Үндістан, Пәкістан және басқа мемлекеттер өкілдерімен бірлескен іс-шаралар өткізіледі. Көпжақты форматта ҰҚШҰ («Жауынгерлік бауырластық»), ШЫҰ («Бейбіт миссия»), ТМД («Жауынгерлік достастық»), БҰҰ («Дала қыраны») бірлескен оқу-жаттығулары өткізілуде,– деді вице-министр.
Әскери-техникалық ынтымақтастыққа келер болсақ, Қазақстан Қарулы Күштері бұл жұмысты Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының шеңберінде жүзеге асырып келеді. Одан бөлек, әлемнің 40-тан астам елімен екіжақты келісім іске асырылуда. Шартқа сәйкес, Ресей Федерациясынан Су-30СМ жойғыштары, Ми-171Ш және Ми-35 әскери-көлік және жауынгерлік тікұшақтары сатып алынған. Ал С-300 зениттік-зымыран кешендері өтеусіз негізде алынды. Сондай-ақ Испанияда шығарылған С-295 әскери-көлік ұшақтары алынды. Қазақстан-Франция жобасы шеңберінде Қазақстан Қарулы Күштеріне ЕС-145 тікұшақтары жеткізілген. Авиациялық техниканы күрделі жөндеу Беларусьтегі авиациялық жөндеу зауытында жүргізіледі.
Сонымен қатар Қарулы Күштер қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – бітімгершілік. Тимур Дәндібаев бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибе алмасуға, оны талдауға және дайындық барысында қолданысқа енгізуге, әскери қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алуда әскер әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін алға тартты.
– Әскери байқаушылар мен штаб офицерлері 2014 жылдан бастап БҰҰ миссиясына қатысып келеді, 2018 жылдан бастап қазақстандық бітімгершілік контингент БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына жіберілді. 2020 жылы Ливанның Бейрут портындағы жарылыс кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін әскери-медициналық мамандар тобы жіберілді, – деп атап өтті ол. Қорғаныс министрінің орынбасары әскери дәрігерлер екіапталық іссапар барысында Бейрут, Сайда, Боуар, Аль-Масгара қалаларында 70-тен астам операция және 1000-ға жуық медициналық манипуляция жасағанын жеткізді. Бітімгерлерді оқыту Бітімгершілік даярлық орталығында, Н.Тілендиев кентіндегі оқу-жаттығу орталығында, Әскери медицина орталығында және Минасыздандыру орталығында жүргізіледі.
Жоғары білім беру бағдарламасы бойынша даярлық барлық әскер түрлері мен Қарулы Күштердің негізгі мамандықтарын қамтитын үш әскери институтта жүзеге асырылады. Соңғы жылдары оларға ерекше сұранысқа ие жаңа мамандықтар енгізілді. Сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құ-
рамның біліктілігі арттырлып, ғылыми әлеуеті дамытылу үстінде. Қорғаныс зерттеулері кеңесі, алдыңғы қатарлы ғылыми-эксперименттік базасы бар әскери-ғылыми орталық құрылды. Ғылыми зертханаларда отандық әскери робототехниканы, ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау, әскери-ғарыштық және ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері зерттеледі.
– Бүгінгі таңда шетелдік әскери оқу орындарында әскери кадрларды даярлау Қазақстан Қарулы Күштерінің қажеттілігіне сәйкес жүзеге асырылады. Біздің әскери қызметшілер Ресей, Беларусь, Армения, Түркия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Корея, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция және ГФР жоғары оқу орындарында білім алуда. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің қарамағында 9 әскери оқу орны бар. Ұлттық қорғаныс университетінде 10 факультет, сондай-ақ 27 оқу кафедрасы жұмыс істейді, онда күндізгі және қашықтықтан оқыту форматында 500-ден астам әскери магистранттар мен докторанттар оқиды. Оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан және Армения сияқты ҰҚШҰ елдерінің 24 әскери қызметшісі бар. Жыл сайын қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесі арқылы еліміздің Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың 3 500-ден астам әскери қызметшісі дайындықтан өтеді», деді спикер.
Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына қабылдау биыл 27 шілдеден 11 тамызға дейін жүргізілетінін айта кеткен жөн.
БАҚ өкілдерінің Ауғанстандағы жағдайдың қалай өрбитіні туралы сұрағына Тимур Дәндібаев қандай да бір болжам жасау қиын деп жауап берді.
– Бұл – қазіргі өте өзекті мәселе. Ауғанстандағы қазіргі әскери-саяси ахуал аса күрделі екенін атап айтқым келеді. Дәл қазір қандай да бір болжам жасау қиын. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Ауғанстандағы ахуал жайлы ақпаратты үнемі бақылауда ұстап отыр. Оның ішінде әріптес шет мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарымен және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды да пысықтау үстінде. Сондықтан бұл мәселеге қатысты нақты ешнәрсе айта алмаймыз, жағдайды қадағалап, тиісті шаралар қабылдап отырмыз,– деп жауап берді Қорғаныс министрінің орынбасары.