Депутат онда әскери бөлімдердің қызметімен танысып, әскерилерге өткен сессия барысында Сенат қабылдаған заң жобалары туралы айтып берді. Ол бірқатар заң әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Сергей Ершов сонымен қатар артиллериялық бригада қызметкерлерімен, сондай-ақ Приозерск қаласындағы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлерімен әңгімелесті.
«Бұл бөлімше барлық заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Қызмет жылдам жүзетін құтқару катерлерімен, сүңгуір және суда құтқару жабдықтары мен құралдардың жаңа үлгілерімен жабдықталған», деп атап өтті Сергей Ершов.
Сенатордың мәслихат депутаттарымен және аймақ басшылығымен кездесуі барысында ынтымақтастықты күшейту және бірлескен жұмысты үдетудің маңызы туралы сөз болды.
* * *
Мәжіліс депутаттары Жәмилә Нұрманбетова, Елдос Абақанов, Динара Зәкиева елордадағы бірқатар әлеуметтік нысанда болды, деп хабарлады төменгі Палатаның баспасөз қызметі.
«№1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» аясында құрылған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының «Қамқорлық» сауықтыру орталығында Парламент өкілдері ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелерінің қалай шешіліп жатқанына көз жеткізді. Аталған орталық мамандары әрбір бала үшін оның ауруының ерекшелігін ескере отырып, жеке бағдарлама дайындайды. Балалармен неврологтер, дефектологтер, психологтер жұмыс істейді. Балалардың денсаулық жағдайын қалпына келтіру үшін заманауи технологиялар пайдаланылады. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылған орталықта қазірдің өзінде 300-дей бала сауықтырудан өтті. Ал жалпы жыл бойына 600-дей баланың ем қабылдау мүмкіндігі бар.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетованың айтуынша, Қазақстанда тұрақты сауықтыруды қажет ететін 90 мыңнан астам бала бар. Елбасының бастамасымен осындай орталықтар бүкіл республика бойынша құрылуда. Бұл – Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі. Елімізде инклюзивті қоғамды дамыту үшін депутаттар бірқатар заң жобасы бойынша белсенді жұмыс атқаруда.
Сондай-ақ депутаттар 1200 орынды мектеп құрылысының жұмыс барысымен танысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар спорт-сауықтыру кешенінде болды.
Павлодар облысына сапар барысында Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Айгүл Нұркина, Анатолий Бойчин және Вера Ким Екібастұз қаласында «RWA Wheelset» ЖШС кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті. Зауыттың технологиялық мүмкіндіктерін, сондай-ақ өндірлетін өнімге сұранысты ескере отырып, депутаттар жалақыны көтеру және жастар әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне баса назар аударды. Айгүл Нұркинаның айтуынша, өндіріс орнында жас мамандардың кәсіби өсіп-жетілуі үшін барлық жағдай жасалған.
Мәжіліс депутаттары, Nur Otan фракциясының мүшелері Альберт Рау, Самат Акишев, Әлия Сапарова және Екатерина Смышляева партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен танысу кезінде Рудный қаласындағы 60 пәтерлі екі тұрғын-үй құрылысымен танысты. Бұл үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған 120 отбасын баспанамен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Құрылыс жұмысы биылғы жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Кездесуде депутаттар бірқатар өзекті мәселені талқылады. Әсіресе құрылыс материалдарының қымбаттауы, құрылыс қарқынының баяулығы назар аударарлық. Мәселен, жалға берілетін пәтерге 3 мың адам кезекте тұр, ал осы жылы тек 120 пәтер ғана пайдалануға беріледі. Көптеген мәселе тұрғын үй саясаты туралы тұжырымдамада қамтылған. Ол күзде Мәжілісте қаралатын болады.
Депутаттар атап өткендей, Рудный қаласында партияның сайлауалды уәделерінің уақытында орындалуына ешқандай кедергі жоқ. Баспана мәселесі жоспарланған уақытта шешімін таппақ.