Қоғам • 12 Шілде, 2021

Қысқа мерзімді онлайн курстар

771 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ skills.enbek.kz қысқа мерзімді онлайн курстарға оқыту порталын іске қосты. Қазірдің өзінде онлайн курстардың 70 авторы мен әзірлеушісі мүдделі азаматтар үшін өздерінің оқыту бағдарламаларын ұсынуға дайын.

Қысқа мерзімді онлайн курстар

Портал маркетплейс (қыз­меттер нарығы) қағи­да­ты бо­йынша онлайн курс­тарға қол­жетімділікті ұсына­тын ха­лық­аралық оқыту алаң­дарының қ­азақстандық баламасы саналады. Ресурс жалпы ел халқының білім деңгейі мен кәсібилігін арт­тыру, мансаптық дамуын ын­таландыру және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгері­лету мақсатында құрылды.

Іске қосу кезінде қазақстан­дық авторлар мен әзір­леушілер аспаздық және кули­на­рия­лық іс, косметикалық, заң­герлік және бухгалтерлік қызметтер, құ­рылыс, қонақүй және мейрамхана ісі, іс жүргізу, IT, SMM салалары бойынша курстар ұсынады.

Кез келген азамат https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе enbek.kz Электронды еңбек биржасында «Онлайн оқытуды» таңдау арқылы талап етілетін біліктілікке оқытуға немесе біліктілікті арттыру курстарына қол жеткізе алады.

Курстардың авторлары мен әзірлеушілері – қазақстандық заңды тұлғалар мен жеке кәсіп­керлер, соның ішінде оқу орта­лықтары, білім беру ұйымдары. Олар қазірдің өзін­де курстарды орналастыру үшін тегін алаң ұсынуда, он­лайн оқытуды дамытуға жәр­демдесуде, қосым­ша кі­ріс кө­зін алуда порталдың артық­шы­лықтарын көріп отыр.

Жаңа бастаған авторлар мен әзірлеушілер үшін порталда онлайн курстарды құру бойынша әдістемелік ұсынымдар және оларға қойылатын талаптар әзірленді және орналастырылды.

Skills.enbek.kz порталында тіркелу мен жұмыс істеудің бар­лық мәселелері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысу қажет.

 

«Егемен-ақпарат»