Дәл осы ғимараттың орнында бұрын апат жағдайына келіп, көнерген үй тұрушы еді. Мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізінде «Болашақ-Т» құрылыс компаниясы көне үйдің орнына 90 пәтерлік ғимарат тұрғызды. Жаңа үйдегі жайлы пәтердің кілтін ең алдымен апатты үй тұрғындары алды.
– Біздің бүгінгі қуанышымыз Астана күні мерекесімен тұспа-тұс келіп жатыр. Осы күнді көптен күтіп жүрген едік. Жаңа баспанамыз ырыс-берекеге толсын, көршілеріме шын жүрегімнен бақыт, ынтымақ тілеймін, қоныс құтты болсын! – деді осы көшенің байырғы тұрғыны, «Алтын алқа» иегері, 11 бала тауып өсірген Мәстура Атаулина.
Жаңа пәтерге ие болған қалалықтардың қуанышын бөлісуге Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те келді. «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қазақтың байтақ даласында теңдесі жоқ шаһар бой көтерді. Соңғы 20 жылдың ішінде астанамызда халықтың саны бес есе көбейіп, миллионның үстіне шықты. Өңірлер елордаға қарап бой түзейді, дамиды. Соның бір көрінісіндей жаңа үйіміз мемлекет-жеке меншік әріптестік аясында салынды. Бұл үйдің құрылысын жүргізу үшін мемлекет тарапынан инфрақұрылым тартылды, 100 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы жердегі апатты үйде тұрған 36 отбасы жаңа үйге көшуге мүмкіндік алды. Сапасы жақсы, бағасы да тиімді үй салған «Болашақ-Т» компаниясына алғыс айтамыз», деді өз сөзінде өңір басшысы.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкайдың айтуынша, облыс орталығында 52 үй ресми түрде апатты деп танылған. Одан бөлек салынғанына 50 жылдан асқан 200 үй де көнерген ғимараттар қатарына кіреді. 2015 жылдан бері көне үйлерді жаңғырту жобасы бойынша Орал қаласында 19 үй жойылып, оның орнына көпқабатты, заманауи 8 ғимарат бой көтерген. Бұл үйлерден 1,5 мыңнан аса адам жаңа пәтерге көшті. Бағдарлама алдағы жылдары да жалғасады.
Батыс Қазақстан облысы