Коронавирус • 12 Шілде, 2021

Жалған вакцина құжатын сатқан бастық ұсталды

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер органының қызметкерлері елордада жалған вакцина құжатын сатып жүрген медициналық орталық директорын ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалған вакцина құжатын сатқан бастық ұсталды

Нұр-Сұлтанда ПТР тестілеуден өткені туралы жалған анықтама сатып жүрген тұлғалар анықталуда. Шілденің басынан бері қолдан жасалған анықтама сатудың 2 жағдайы тіркелді.

«Астана сақшылары медициналық орталық директорын ұстады. Ол ауру жұқтырмағаны туралы жалған ПТР тестілеу анықтамасын берумен айналысты деген күдікке ілініп отыр. Орталық басшысының заңсыз анықтама үшін клиенттерден 6 мың теңгеден алғаны анықталды. Қазіргі таңда полиция ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтаманы заңсыз алған тұлғалардың санын анықтап жатыр», деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Оның айтуы бойынша, елімізде осы күні ПТР-тест құжаттарын шетелде отырып-ақ сататын адамдар пайда болған.

«Полиция қызметкерлері елден тыс аумақта бола тұрып, вирус жұқтырмағаны туралы ПТР-тест анықтамасының электронды нұсқасын жасап, 5500 теңгеге сатқан қазақстандықты анықтады. Анықтамаларды «Телеграм» мессенджері арқылы жіберіп отырған. Аталған оқиға бойынша құжат дайындап сатқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Полиция өкілдері медицина орталықтарын, емханалар мен ПТР-тест бекеттерін астана тұрғындарына жалған құжат беру фактісіне тексеріп жатыр», деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі.