Аймақтар • 12 Шілде, 2021

Жұртты жұмылдырған жігіт

857 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауылдың әңгімесі бүгінде негізінен шөп, малдың азығы жөнінде болып тұр. Шілденің шіліңгірінде шалғы ұстап, шөп шауып жүргендер көп.  Өзен мен көл, арықтардың жағасындағы қамыс та, шөл даладағы жантақ та, ылғал және жылу сүйетін жоңышқаңыз да биыл қат болғандықтан қадірі артып тұр.  Нығыздалған шөптің бір бумасын 1500 теңгеден саудалап жатқандар да аз емес. Маңғыстаудағы малды ауылдардың аянышты күйін естіп, түркістандықтардың намысын қайрай, қамыс оруға шыққан шымкенттік жігіт Құрмет Талапқазыны қолдаушылар қатары да бүгінде көбейген.

Жұртты жұмылдырған жігіт

Мысалы, Арыс оқиғасы мен Мақта­арал ауданындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтарға бүкіл ел болып көмекке келгенін ескерген Жетісай жұртшылығы Батыс Қазақстан облысында мал азығы шөптің жеткілікті мөл­шерде шықпай қалуына байланысты демеу көрсетуді ойластырып, 74 тонна пресс шөпті жөнелтті.

Батыс өңірлерде ғана емес, оңтүс­тікте де биыл жем-шөп мәселесі жекелеген аудан­дарда күрделі. Биылғы қуаң­шылық Түркістан облысындағы шаруалардың жыл сайынғы табиғи шөп оратын алқаптарына да әсер етіп, Келес, Сарыағаш аудандарында шөп бітік шықпады. Мұндай жағдайда мал азығына сұраныс артып, алыпсатарлар арқылы бағаның негізсіз көтерілетіні жасырын емес. «Облыста мал азығын сататын агроқұрылымдардың тізімі жасақ­талып, тікелей шаруалармен байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ алдағы уақытта мал азығы тапшылығының алдын алу, бағасын тұ­рақтандыру мақсатында Қарағанды облы­сының Ұлытау ауданындағы орман қорындағы, босалқы және жайылым жер­лерінен табиғи шөптерін жинап алу жөнінде екі облыс әкімдігі арасында меморандум жасалды.

Бұдан бөлек, облыстағы орман қо­рының жерлерінен табиғи шөптерді орып алу ұйымдастырылуда және Бәй­дібек, Созақ, Шардара аудандарының жайылымдарын пайдалануға тапсырма берілді», деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Бұл сөзді облыс басшысы Қазығұрт ауданында жуырда өткен «Мал азығымен қамтамасыз ету және астық ору барысы» туралы көшпелі мәжі­лісте айтқан болатын.

Сондай-ақ өңірдегі жалпы мал азығы көле­мін арттырып, егістікті әртараптандыруды жал­ғастырып, жоңышқа өсіруді дамыту туралы тапсырма берілді. Ал Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мал азығы жеткілікті екенін айтады. «Біз нарықты қадағалап отырамыз. Жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Кей жерлерде қымбаттатылған бағамен жоңышқа сатылып жатқаны жайлы естідік. Бірақ бұл – жекелеген кәсіпкерлердің ісі», дейді Бақыт Асанов. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шеңберінде мал азықтық дақылдардың көлемі 4,1 мың гектарға артып, 217 мың гектарға егілді. Егіс науқанына 20 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан дала жұмыстарына 900-ден астам агроқұрылымға 4,6 млрд теңге несие берілген.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов қуаңшылыққа қарсы іс-шаралар талқыланған жиында өңірде вегетациялық кезең ағын су тапшылығына байланысты қиындау өтіп жат­қанын жеткізді.

«Ордабасы, Отырар, Сауран, Бәйдібек аудандары мен Арыс, Кентау қала­ларында егістікті ағын сумен қамту күрделі болып тұр. Бұл аумақтарға «Бөген» су қоймасы ар­қылы су жеткізілуде. Жылдан-жылға су тап­шылығының ұлғайып келе жатқаны ескеріліп, басқарма тарапынан үнемдеу технологияларын енгізу, егістікті әртараптандыру жұмыстары қолға алынды. Облыста суармалы жер көлемі 548 мың гектар болса, қазір соның 453 гектары игерілген», деді Т.Оспанов.

Басқарма тиісті құрылымдармен су қоймаларында ағын су көлемін 70 пайыздан асырмау тапсырмасына қарамастан қуаңшылықтың алдын алу үшін «Бөген», «Қосқорған» су қоймаларында су мөлшерін 95 пайызға дейін толтырған. Облыстық бюджет есебінен соңғы 2 жылда 243 шақырым болатын 61 канал жөнделген.

«Былтыр Сырдария өзенінен Қызылорда облысына 4159,9 млн текше метр су лимиті бекітіліп, 4071 млн текше метр су жіберілген. Түркістан облысына жоспарланған 2215,2 млн текше метр судың тек 1676,3 млн текше метрі ғана жеткізілді. Яғни облысқа 538,9 млн текше метр су аз берілді. Бұл мәселені республикалық деңгейде талқылап, Сырдарияның суын ұқыпты пайдалануды қолға алу керек», дейді басқарма басшысының орынбасары.

Малға арналған жем-шөп мәселесі кей аудандарда күрделі болғандықтан, шөп бітік шыққан аумақтардан шөлейт аудандарға  шөп пен азықты жеткізуді үйлестіру, бағаны көтермеу жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Ал «Қазсушар» шаруашылық құқығындағы РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Асқар Қыстаубаев өңірдің негізгі суармалы алқаптары трансшекаралық өзендерге тәуелді екенін айтты. «Бірақ көршілес елден келетін су жыл сайын дер кезінде және толық алынбауда. Оның түрлі себептері бар. Былтыр Сырдария өзені бассейніндегі су тапшылығы айқын сезілді.

Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Тәжікстандағы осы салаға жауапты министрмен кездесіп, келіссөз жүргізді. Нәтижесінде, «Бахри Точих» су қоймасынан 315 млн текше метр суды Қазақстанға босату жөнінде келісімге қол жеткізді», деді А.Қыстаубаев. Ауылдарға ағын суды ретімен беруді үйлестіріп, ретке келтіру қажет. Жерді жалға алғанымен шөбін не өзі шаппай, не өзге азаматтарға шапқызбайтын азаматтар да бар. Кейбір каналдардың қожайындары су арнасын уақтылы тазаламай, соның салдарынан өзге шаруалар қиындық көріп жатады. Суды үнемдейтін жоғары технологияларды пайдалану үшін ауылдарда электр қуаты жеткілікті болуы керек. Бұл мәселе де толық шешілді деу қиын. Облыстық мәслихат депутаты Ерлан Нұрмаханов азық-түлік, мал азығы секілді салаларға үлкен жос­пар мен ғылыми әдіс, ғылыми орталықтардың әлеуетін пайдалану қажет деп есептейді.

Күні кеше Мақтаарал ауданы, Өргебас ауы­лының тұрғындары Маңғыстау облысына 1 вагон шөп жөнелтті. Ауылдың қариясы, ауданның құрметті азаматы Ережеп Қанаевтың бастамасымен Өргебас ауылының тұрғындары 1,6 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. Ол қаржыға 1100-ден астам нығыздалған шөп сатып алып, көмек ретінде Маңғыстау облысына жіберіп отыр. Бұдан бөлек, ауылдың 30-дан астам тепсе темір үзетін жігіті Сарыағаш ауданындағы Құр­мет Талапқазы бастаған еріктілер тобына қосылды. Еріктілердің бірі Берікбай Донаев былтыр Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылды топан су басқанда алғашқылардың бірі болып Маңғыстау, Атырау облыстарынан көмек келгенін, батыстағы ағайындардың төрт түлігі аштан қырылып жатқанда үйде жайбарақат қарап жата алмағанын айтады. Сөйтіп 30 жігіт құрал-саймандарымен, ас-суымен шөп оруға келіпті.