Спорт • 13 Шілде, 2021

Италия – екі дүркін Еуропа чемпионы

300 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан бір ай бұрын Римде басталған футболдан Еуропа чемпионаты Лондонда Италия құрамасының жеңісімен аяқталды. Атақты «Уэмбли» стадионында ұйымдастырылған қарт құрлықтың финалында Италия мен Англия құрамалары кездесті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында Италия футболшыларының бағы жанды.

Италия – екі дүркін Еуропа чемпионы

Сөйтіп «Скуадра Адзурра» араға 52 жыл салып Еуропа чемпионы деген атаққа қайта қол жет­­кізді. Италиялықтар бұған дейін ең алғаш және кешегі күнге дейін соңғы рет Кәрі құрлықтың 1968 жылы өз елінде өткен бірін­шілігінде атой салған болатын. Ал Англия құрамасы биыл өз тари­хында тұңғыш рет Еуропа чем­пионатының финалына шығып, ал­ғашқы ірі жетістігіне қол жет­кізуге сынық сүйем қалғанда сү­рінді.

Италия топтық кезеңдегі үш ойыннан толық 9 ұпай жиып, плей-офф кезеңіне сенімді шық­қан болатын. Одан әрі қарай да Роберто Манчини шәкірттері жанкүйерлер сеніміне селкеу түсірген жоқ. Әр кез­десу сайын бабы келіскен, бағы шапқан құрамаға айналғанын дәлел­деумен болды. 1/8 финалда Бэйл бас­таған Уэльс жігіттерін 2:1 есе­­­бімен жеңсе, ширек финалда көпшілік үміт күткен Бельгияны ұтты – 2:1. Жартылай финалда Ис­пания құрамасымен итжығыс түсті. Алайда пенальти сериясын­да Луис Энрике шәкірттеріне қарағанда допты түзу тебетіндерін байқатты. Сөйтіп финалға шыққан еді.

Англия да өз тобында бі­рін­ші орын алды. Жиғаны – 7 ұпай. Ағыл­шындарды топтық кезеңде апырып-жапырып өнер көрсетпей-ақ, тіпті топырлатып гол да соқпай-ақ финалға шығуға болатынын дәлелдей алған бірегей ұжым десе де болғандай. Олар Хорватияны 1:0 есебімен жеңсе, Шотландиямен тең түсті (0:0), топтағы соңғы матчта Чехия құрамасын тағы да 1:0 есебімен жеңді. 1/8 финалда неміс футболшылары мәлім де бей­мәлім ағылшындарға қарсы айла жасай алмады. Бұл ойын 2:0 есебімен Саут­гейт командасының жеңісімен аяқталып еді. Ал ширек финалда Украинаны 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Одан соң жартылай финалда Дания құрамасымен жолықты. 1992 жылғы ерлікті қайталауға барын салған дат жігіттері ағылшын фут­болшыларының осал тұсын таба алған жоқ. Есеп 2:1, Англия құрамасының пайдасында. Экс­тра-таймда пенальтиді сәтті орын­даған капитан Харри Кейн өз құра­масын финалға алып шықты.

Финал алдында футбол мамандары екі құраманың ойындарын сараптай келе, жанкүйерлер «Уэмблиде» 1-2 голдан артық гол­дың куәсі болмайтынын, негізгі уақытта құрамалар итжығыс түсе­тін болса, пенальти сериясында италиялықтардың басым түсетінін болжаған еді. Сарапшылардың айтқаны айдай келді. Кездесудің есебін ағылшындар ашқанымен, жеңісті матч соңына дейін уысында ұстай алмады. Ойынның небәрі 2-минутында Люк Шоу тамаша гол соғып, финалдағы голдар шоуын бастап бергендей болған еді. Бірақ бәрі жанкүйерлер күткендей болмай шықты.

«Манчестер Юнайтед» қорғау­шысының соққан голы ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы екенін де айта кету керек. Сондай-ақ Шоу жалпы Еуропа чемпионаты финалдарының тарихындағы ең жылдам соғылған голдың авторы атанды. Ол матч бастала салысы­мен 1 минут 57 секундтан соң есеп ашты. Бұған дейінгі рекорд ис­па­ниялық футболшы – Хесус Передаға тиесілі еді. 1964 жылғы додада ол 5 минут 17 секундта мергендік танытқан.

Бірінші тайм Англияның жос­пары бойынша өтіп, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Екін­ші таймда ойында өзгеріс жасамаса, қос құлақты кубоктың Ан­глияда қалып қоятынын аңғарған италия­лықтар 67-минутта таразы басын теңестіріп, ойынды одан әрі шие­леністіріп жіберді. Гол ав­торы – Леонардо Бонуччи. 90 минутқа дейін екі құрамада да таразы басын өздеріне аударатын тамаша мүмкіндіктері болған, бірақ ша­­буыл­шылар мүм­кіндіктерін лайықты деңгейде пайдалана алмады. Сөй­тіп командалар негізгі уақыт былай тұр­сын, қосымша уақытта да же­ңімпазды анықтай алмай, пе­нальти сериясына жүгінді. Ло­тереяда Роберто Манчини шәкірт­тері 3:2 есебімен жеңіп кетті. Соңғы сәтте Пикфорд Италия ой­­­ын­­шысы Джорджиньоның соқ­­қысын қайтарып, үміт отын оят­қан. Алайда соңғы болып доп­қа жақындаған ағылшын құра­­ма­сының жас ойыншысы Са­ка соққысының траекториясын Дон­­­нарума дәл тауып, Италияға ке­зекті чемпиондық атақты сыйлады.

Ағылшындардың бұл чемпио­натта финалға дейін жетуіне де, финалда жеңілуіне де бір-ақ адам себепші. Ол – бас бапкер Гарет Саутгейт. Жасыратыны жоқ, Ан­глия құрамасы чемпионаттың бірінші ойынынан бастап, соңына дейін дүние жүзі жанкүйерлерінің әбден ішін пыстырып, зеріктіріп жіберді. Былайша айтқанда, ағыл­­­шындар биылғы Еурода антифутбол көрсетті. Бас бапкер Саутгейтке біріншілікте ең бас­тысы ойын емес, нәтиже керек болды. Сондықтан ол осындай жолды таңдады. Бас бапкердің антифутболы топтық кезең мен финалға дейінгі ойындарда өз жемісін берген шығар, бірақ финалда іске аспады. Бұл оның бірін­ші қателігі еді.

Саутгейт финалдың соңында өзінің екінші қателігіне жол беріп қойды. Ол – пенальти серия­сында тәжірибеге емес, жас­тар­­ға сенім артты. Соңғы үш мүм­­кіндікті голға айналдыра алмаған Джейдон Санчо, Маркус Рэшфорд және Букайо Сака Англияның негізгі құрам ойыншылары емес еді. Тіпті алғашқы екеуі – құрамасының финалға дейін жетуіне үлес қоспаған футболшылар. Чемпионат бойы жарытып ойнамаған ойыншыларға Гарет маңызды әрі жауапты сәтте сенім артты. Бір қызығы, үш футболшы да өз командаларында 11 метрлік айып добын орындайтын мергендер қатарында емес. Соңғы рет қашан пенальти тепкендерін үш футболшының өздері де жыға естеріне түсіре алмайтын шығар.

Осылайша, Италияның жеңі­сімен басталған Еуропа чем­­пио­наты Италияның чемпион­ды­ғымен аяқталды. Келесі қарт құр­лық біріншілігі 2024 жылы Германияда ұйымдастырылады.