Саясат • 14 Шілде, 2021

Адам құқықтары – басты назарда

264 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Адам құқықтары жөніндегі Әмбебап кезеңдік шолу (ӘКШ) шеңберінде Қазақстан Республикасының үшінші баяндамасын қорғау қорытындылары бойынша ұсынымдарды іске асыру барысы туралы» баспасөз мәслихаты өтті. Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова бұл ұсынымдарды іске асыру барысын егжей-тегжейлі баяндап берді.

Адам құқықтары – басты назарда

 

Әділет министрінің орынбасары: «ӘКШ адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы міндеттемелер мен міндет­тердің орындалуын бағалаудың бірегей тетігін білдіреді. ӘКШ 2008 жылдан бас­тап БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің (Кеңес) жұмысы шеңберінде жұмыс істейді.

Шолудың мақсаты – елдегі адам құ­қықтарын қорғау мен көтермелеуді жақ­сарту бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар ету мүмкіндігі», деп атап өтті.

Кеңестің жұмысына тоқталар болсақ, ол БҰҰ Бас Ассамблеясы сайлайтын БҰҰ-ға қатысушы 47 мемлекеттен тұрады. Кеңестің құрамы әділ географиялық бөлу қағидаты бойынша айқындалады.

ӘКШ аясындағы біздің еліміздің үшін­ші шолуы 2019 жылдың қараша айында өтті. Бірінші шолу 2010 жылы, содан кейін 2014 жылы өткен.

«Шолудың мәні елдің жазбаша баяндамасын алдын ала ұсыну, БҰҰ-ға қатысушы мемле­кеттердің сұрақ-жауаптары мен тү­сіндірмелері форматындағы интерактивті диалог болып табылады.

Диалог қорытындысы бойынша елге жолданатын ұсынымдар қабылданады. Елде алынған ұсыныстарды орындау құралдары мен әдістерін өз бетінше таңдау құқығы сақталады.

2019 жылғы 20 желтоқсанда Кеңес Қазақстанға қатысты тиісті құжатты қа­был­дады. Онда Қазақстан атына 245 ұсы­ным берілген. Барлық ұсыныммен Кеңес сайтында танысуға болады.

Ұсынымдарды орындау мерзімі – 2024 жылдан кейін өтетін келесі шолуға дейін (2024 жылғы қазан). Қазақстанмен бір мезгілде Италия, Сальвадор, Гамбия, Боливия, Фиджи, Сан-Марино, Ангола, Иран, Ирак, Словения, Мадагаскар, Босния және Герцеговина, Египет өтеді», деді вице-министр.

Қазақстан әйелдердің, балалар мен мүгедектердің құқықтарын қам­та­масыз ету, саламатты орта, отбасы, балалық шақ институтын қолдау  сияқ­ты ұсынымдардың 87 пайызын (214) қол­дады.

Ұзақмерзімді перспективада аза­мат­тық қоғамды дамытудың негізгі ба­ғыт­тарын айқындайтын «Азаматтық қоғам­ды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданды.

2021 жылдан бастап заңнамалық түзетулер күшіне енді, Қоғамдық кеңес­тер саласындағы уәкілетті орган айқын­далды және Қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндаманы дайындау бойынша өкілеттіктер берілді.

Әйелдер мен жастарды елдің қоғам­дық-саяси процестеріне белсенді тарту үшін оларды пар­тиялық тізімге ен­гізу туралы талап белгіленді. Жаңа саяси партияларды мем­лекеттік шешімдер әзірлеу және қабылдау процесіне тарту мақсатында парламенттік оппозиция инс­титуты енгізілді. Саяси партиялар құру үшін тіркеу кедергісі екі есе азайды (40 мыңнан 20 мың адамға дейін).

Саяси бәсекелестікті арттыру үшін Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде сая­си партиялардың өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендетілді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде «Барлығына қарсы» бағаны қосылды.

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау енгізіледі. Оларға саяси партиялар ұсынған кандидаттар және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% қол жинау арқылы өзін-өзі ұсынған адамдар қатыса алады.

2021 жылғы 2 қаңтарда өлім жазасын жою туралы Хаттама ратификацияланды. Қазақстанда өлім жазасына мораторий ресми түрде 2003 жылғы 17 желтоқсаннан бастап қолданылады. Өмір бойына бас бостандығынан айыру 2004 жылы балама жаза ретінде енгізілді.

Қылмыстық заңнаманы Хаттама ережелеріне сәйкес келтіру жұмыс­та­ры жүр­гізілуде. Ақпан айында ведом­ство­аралық комиссия отырысы өтті, Үкімет тұжы­рым­даманы мақұлдады. Қазіргі уақытта заң жобасы әзірленді.

2020 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң күшіне енді. Заң бейбіт жиналыс­тарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін өзгертті және оларды өткізуге рұқсат алу рәсімін жеңілдетті.

«Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» 130-бабы қылмыссыздандырылды және «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» 174-бабы ізгілендірілді.

Аталған Жоспар кейіннен неғұрлым өзекті мәселелер бойынша адам құ­қық­­тары саласындағы шаралармен толық­­тырылатын болады», деді Ақерке Ахметова.