Сайлау • 14 Шілде, 2021

Ауылдағы елеулі өзгерістерге жол ашылады

281 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы қарсаңында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген. «Сайлау туралы» Заңға тиісті өзгерістерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында қол қойған болатын.

Ауылдағы елеулі өзгерістерге жол ашылады

Мемлекет басшысы Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы қарсаңында саяси және экономикалық реформалар, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, цифр­ландыру, адам құқықтарын қор­ғау мен экологиялық мәсе­лелерді шешу маңызды екенін ерекше атап өтті.

Кәсіби деңгейді арттыру мен жергілікті басқарушылардың жұмыс форматын өзгерту, жергілікті деңгейдегі басқаруды жаңа сатыға шығару – заман талабы. «Рухани жаңғыру» Қа­зақ­стандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) осы көк­темде жүргізген «Ауыл отбасы­сының әлеуметтік портреті» тақырыбындағы зерттеу нәти­жесіне назар салсақ, респонденттер бәрінен бұрын ауыл әкімдерінің жұмысын төмен бағалаған. Бес балдық шкала бойынша 3,45 деген баға берген. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау ауылдық жерлердегі елеулі өзгерістерге жол ашады деп ойлаймын.

Жыл соңына дейін шамамен 800-ге жуық әкімнің тікелей дауыс арқылы сайлануы жоспарлануда. Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – азаматтар өздерін де үміткер ретінде ұсына алмақ.

Мемлекеттік шешімдер қа­был­дау мен саяси үрдіске аза­маттардың араласуы туралы айтар болсақ, ішкі саясат мәселесі барлық қазақстандыққа қатысты екенін, тіпті саяси жағ­дайға қызықпаймын дейтін азаматтар да кейбір жағдайларда субъектіге не объектіге айналатынын түсінулері керек. ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі азаматтарымыздың саясатқа деген қызығушылығы айтарлықтай төмен екенін көр­сетті. Алдын ала ақпарат бо­йынша, «саясатқа бейжай қарау» көрсеткіші 2019 жылдан бері 3,6 пайызға өскен. Қатысушылардың 37,7 пайызының жеке бас мәселесін шешуден қолы босамайды. Дегенмен өздері тұ­рып жатқан аймақтағы саяси оқиғалар азаматтарды қатты алаңдатады. Жергілікті саясатқа араласу көрсеткіші сауалдамаға қатысқандардың арасында 64,4 болып отыр («иә», «жоққа қарағанда иә» жауаптарының ортақ есебі).

Сауалдамаға қатысқандардың көбі үшін елдің саяси өміріне араласу деген сайлауға қатысуды білдіреді. Жауап бергендердің 55 пайызы осындай пікір біл­дірді. Қазақстандықтардың сайлауға қатысты мінез-құлқы олардың мемлекетпен байланысын көрсетеді. Ал ауыл әкімдерін сайлау тұрғындардың өздері тұратын аймақтың өмі­рін жақсартуға атсалысуын кү­шейтеді.

ҚҚДИ жүргізген зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың партия жүйесіне көңілі тола­тынын көрсетеді. Жауап бер­гендердің тең жартысы бұл ойды айқындай түсті: «толық­тай көңілден шығады» – 19,4 пайыз, «көңіл толады» – 30,6 пайыз. Партия жүйесі қанағат­тандыратындардың көпшілігі – әйелдер. Олардың үлесі 51,2 пайыз, ал ер адам­дардың үлесі 48,7 пайыз болып отыр. Ауыл халқының 50,9 пайызының көңілінен шығады (қалалықтар – 49,4 пайыз). 61 жастағы және одан асқандар үлесі – 53,3 пайыз. Жауап бер­гендердің үштен бірі қазіргі партия жүйесіне көңілі толмайтынын айтты.

Олардың көбі – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары (63,0 пайыз), павлодарлықтар – 50,9 пайыз, Алматы облысының тұр­ғындары – 45,7 пайыз.

Жауап бергендер арасында сайлауға қатыспайтындардың да үлесі жоғары екенін ескерген жөн. Жауап берушілердің 22 пайызы саяси науқанда қа­лыс қалатынын білдірді. Бұл ақ­паратты ҚҚДИ 2021 жылдың екін­ші тоқсанындағы қоғамдық-сая­си жағдайды анықтау үшін жүр­гізген әлеуметтік зерттеу айқын­дай түсті.

Мемлекеттің тыныс-тірші­лігін тек оның «жүзі» – елорда мен мегаполистер емес, ауылдық аймақтағы жағдай да көрсетеді. Ал мұнда ауыл әкімінің жұмысы маңызды рөл атқарады. Жаңадан сай­ланатын басшылар көңіл аудару керек негізгі бағыттар: халық­тың жұмыспен қамтылуы мен жұмыссыздық, табыс пен кедей­шілік, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінің дамуы. Тағы бір маңызды мәселе – елдің жағдайын ондағы мүм­кіндігі шектеулі азаматтар мен зейнет­керлердің өмір сүру дең­гейіне қарап бағамдауға болады. Сон­дықтан бұл салаға да баса мән беру қажет.

 

Ләззат НҰРҚАТОВА,

«Рухани жаңғыру» Қазақстан қоғамдық даму институтының профессоры, әлеуметтік ғылымдар докторы