Қоғам • 14 Шілде, 2021

Өсер елдің өз ұлы

537 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бауыр басқан, түтін түтетіп, ұрпағын өрбітіп отырған жерінің қадір-қасиетін жете түсініп, еліне көмек қолын созу – адамгершіліктің белгісі. Қазақ және араб тілдерін еркін меңгерген Нурсаит Машанло ел ішіндегі еріктілер қозғалысына ұйытқы болып жүр.

Өсер елдің өз ұлы

Бәрі бір қап картоптан бас­талған. Ел шетіне жаман індеттің жан түршіктірер қорқынышты хабары жеткенде ауылдағы адам­дар абдырап қалды. Тіпті таяқ­тастам жердегі азық-түлік дү­кеніне баруға жасқанған. Қауіп қай­дан дерің бар ма? Жү­ріс-тұрыс саябырлаған соң жал­ғызі­лік­ті адамдардың азық-түлік алуы да қиындап кетті. Қаражаты болға­нымен, қарға адым жер ұзап шығу­дың өзі мұң.

Бір күні Нурсаитқа әдемі ой келген. Үйде екі қап картоп бар. Отбасысына бір қабы да біраз уақытқа еркін жетеді, екінші қапты ауылдастарына тегін таратып берсе қайтеді? Тағы бір ой иектеген. Осының жөні қалай болар екен? Мені мүсіркеді деп ойлап, шамданып қалмас па екен? Ақыры өзі ақ адал ниетімен ұсынатын болған соң шешімге келген. Бірақ бір қап картопты бір адамға ұстата салған дұрыс болмайды-ау деп топшылады. Бірнеше қалташаларға бөліп салып, мүмкіндігінше көбірек адамға жеткізбек. Солай жасады да. Алғашқы күмәнді ой жаңсақ екен. Нурсаиттың қолынан картоп салған қалташаны алып тұ­рып, көрші-қолаң алғысын жау­дырған. Дастарқандары жү­деп отырмаса да, ел жа­йын ойлаған азамат­тың ниетіне тәнті.

Жұртқа жанашыр Нурсаит Машанло –  Жамбыл облысының Жалпақтөбе ауылының тумасы. Орта мектепті орыс тілінде осы ауылда бітірген.

– Мектепте орысша оқыға­ныммен, отбасында көбіне қазақ тілінде сөйлесетін едік. Ауыл­дағы дүнген балалары қазақ­тың балаларымен тонның ішкі бауындай араласып, ойнап-кү­ліп өскендіктен, тілдік орта­мыз жақсы болды, – дейді Нур­саит­тың өзі. – Қазақша тіл сын­дырғаннан кейін қазақ тіліндегі көркем әдебиетті еркін оқи бастадым. Бәлкім, бойымдағы кейбір қасиет, мінез сол әдебиеттің ар­қасында қалыптасқан шығар. Негізінде, қазақтан асқан бауырмал халық жоқ қой. Тағдыр тәлкегімен топырағын басқан талай ұлттың өкіліне қамқор болды емес пе? Сол жақсылықтың қайтарымы болуы керек қой. Оның үстіне, жаны жомарт, пейілі кең қазақта «Көрші ақы­сы – тәңір хақысы» дейтін сөз бар. Қысылтаяңда көршіңе көмек­теспесең, кісілігің кәне?!

Жалғыз Нурсаит қана емес, Шортанды кентінде тұратын он­даған этнос өкілдері дәл осылай ойлайды екен. Бір қап картоп туралы әңгіме ел ішіне тарап кеткен. Іле жиырмаға тарта адам хабарласты. Біреуінде басы артық ұн, енді біреуінде іркіліп қалған қант бар екен. Макарон да, шай да табылды. Бәрін бір жерге жинап, теңдей етіп, ондаған отбасыға бөліп берді. Қайырымдылық іс-шарасы мұнымен тоқ­тап қалған жоқ, қайта қа­натын жая берді. Ел қамын ойлаған аза­мат­тарға жұрт та разы. Сауапты іс атқарғандары үшін жана­шыр жандардың да көңілдері тоғайып қалды.

Дауасыз дерт аяусыз шеңгелін жа­йып тұрған кезде Шортанды кентінде екі-үш тұрғын үй өр­теніп, бірнеше отбасы баспанасыз қалды. Бұл кезде бірін-бірі танып, қоян-қолтық араласып, жал­пақ жұртқа жақсылық жасауын үдете түскен еріктілер енді білек біріктіріп, шаңырағын өрт шалған адамдарға көмектесе бастады. Қаражат жинап, құрылыс материалдарын әперді. Құрылыс жұмысына қол ұшын берді. Сөйтіп қаншама адамның сауабын алды. Жігіттерге бас болған біздің кейіпкеріміз жиналған ақшаның қайда жұмсалғандығын, қаншасы, қай қарекетке бағыт­талғандығын қолмен қой­ғандай етіп есептеп, айтып отырды. Жа­за­­тайым қателессе, күдік тууы да әбден мүмкін. Бірақ өзі он­дайға баратын адам емес. Өйткені араб тілін жетік білген­діктен, қолы­нан Құран түспейтін, намазға жы­ғылған адам.   

Биылғы жаз – аптап ыстық. Қымбат­шылық қос бүйірден қысып тұрған кезде алқаптағы егіс, шабындықтағы шөп өспей қалса, елдің жағдайы не болмақ? Осы бір ой еріктілердің де есінен шықпайды. Дәл осы кезде ілкі за­маннан бері үзілмей келе жат­қан тасаттық беру рәсімі ойға оралғаны. Шаруа қожа­лығынан құрбандыққа шалатын мал сатып алды. Новокубанкада тұратын  Абы­лай имамды алдырды. Бар рәсімін сақтап тасаттық берген. Жаратқанның мейірі түсіп, Шортандының төңірегінде үш-төрт күн бойы нөсер жауын жау­­­сын-ай келіп. Құрбандыққа ша­лын­ған мал етін ауыл тұрғын­дарына таратып берген. Ауыз тиген жұрт ет жегендеріне емес, жауын жауып, еріктілердің елге сеп­тіктері тигеніне шын жү­ректен разы болған.

– Жамбыл облысынан 2000 жылдардың басында көшіп кел­дім. Жергілікті жұрт­тың ішіне тастай батып, судай сіңіп отыр­ған жайымыз бар, – дейді Нурсаит Машан­ло. – Өз істеген шаруамды ешқашан міндетсінген емеспін. Сәл ғана септігіміз тиіп жатса, біз де осы өсер елдің өз ұлы бол­ғандықтан. Ал өз перзенті ата-ана­сына жасаған жақсылығын айқайлап айтпайды ғой. Біздің қосқан үлесіміз де дәл солай. Біз – біртұтас Қазақстан халқының өкіліміз.

Әркім дәл осылай түйсінсе, ортақ шаңырақтың уық-керегесі күннен-күнге беки берері хақ.

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы