Қоғам • 14 Шілде, 2021

Әлеуметтік қызметтерді оңтайлы ететін орталық

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде Әлеуметтік қызметтер порталын қолдау бойынша байланыс орталығы жұмыс істей бастады. Бұған тілді таңдап, 4 санын баса отырып, бірыңғай 1414 нөмірі арқылы кіруге болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әлеуметтік қызметтерді оңтайлы ететін орталық

Портал пайдаланушылары – мүгедектігі бар адамдар және әлеуметтік қызметтерді көрсетушілер үшін орталық операторлары ақпараттық-консультациялық қызметтерді мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсы­нады. Атап айтқанда, бұл порталда кеңес алуға, техникалық мәселелер бо­йынша сұрақтарға жауап алуға, портал функцияларын жетілдіру бойынша кері байланыс орнатуға болады. Бүгінгі таңда байланыс орталығында 3 аналитик және 5 оператор жұмыс істейді, тағы үшеуі арнайы оқудан өтіп жатыр.

Сондай-ақ Facebook әлеуметтік же­лісінде, Telegram мессенджерлерінде және WhatsАpp пайдаланушыларына кеңес беру үшін чат-ботты іске қосу жоспарланып отыр. Бұған қоса авто­маттандырылған дауыстық роботты енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл консультация­лар қолже­тімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, жауап берілмей қалған қоңыраулар санын азайтуға және мәселе шешілгенге дейін күту уақытын азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беру үшін 2020 жылы іске қосылды. Осы жылдың басынан бастап 113 мыңнан аса мүгедектігі бар адам портал арқылы оңалтудың техникалық құралдарын, ымдау тілінің 6 мыңнан аса қызметін, жеке көмекшінің 31 мыңнан аса қызметін, 36 мыңға жуық санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды және 122 мыңнан аса адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға тапсырыс жасады.

 

«Егемен-ақпарат»